Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛ КІСІНІҢ МӘРТЕБЕСІ

03.03.2020 122913 0 пікір
ИСЛАМДАҒЫ ӘЙЕЛ КІСІНІҢ МӘРТЕБЕСІ

 

  1. КІРІСПЕ:

Алла Тағалаға сансыз мадақ, шексіз шүкіршілік болсын. Алла Тағаланың сүйікті елшісі, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын.

Жаратылыс тұрғысынан ер кісі де, әйел кісі де Алла Тағаланың пендесі. Алла Тағала қалағанын ер, қалағанын әйел етіп жаратады. Дегенмен, ер мен әйел тең емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Алла Тағала еркек-әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі етіп жаратар еді.

Еркек пен әйел өздеріне тән табиғатындағы ерекшеліктерін ескергенде ғана екеуі бір-бірін толықтыра түседі. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары, яки ақылды жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады.

  1. ҚҰРАН АЯТТАРЫ:

Бірінші аят:

لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ

«Шүбәсіз, Біз адам баласын ең көркем, ең керемет бейнеде жараттық»[1].

Қысқаша түсіндірме: Алла Тағала адам баласын өте көркем, сұлу бейнеде жаратқан. Бойына көркем сипаттарды дарытқан. Оның көркем түрде жаратылғанының белгісі – дене-мүшелерін кемшіліксіз жаратып, ерекше үйлесімділік берген. Оны тек көркем жаратып қана қоймай, оған түсінік, ілім, ақыл, пайым, сөйлеу, әдептілік қабілеттерін берген. Мужаһид «керемет бейнеде» деген Құран аятындағы сөзді: «ең жақсы түрде, жаратылғандардың кемелі» деп, түсіндірген[2].

Екінші аят:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُوا رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَخَلَقَ مِنْهَا زَوْجَهَا وَبَثَّ مِنْهُمَا رِجَالًا كَثِيرًا وَنِسَاءً

«Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (бір кісіден) жаратқан һәм одан жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдер өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар»[3].

Қысқаша түсіндірме: Сендерді бір Адам (ғ.с.) атадан жаратқан Алладан шынайы түрде қорқыңдар. Сол адамнан барша адамзаттың анасы Хауаны жаратты. Адам мен Хауадан бүткіл еркек, әйелден тұратын халықтарды өрбітті[4].

Үшінші аят:

لَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар»[5].

Қысқаша түсіндірме: Бұл жердегі міндет – ер адамның жанұя напақасын табу, әйелге көркем мінезбен қарым-қатынас жасау, зиян келтірмеу[6].

Төртінші:

فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِّلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللَّهُ

«Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынұсынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтықсыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқығын аяқасты етпей лайықты түрде сақтай білетін жандар»[7].

Қысқаша түсіндірме: Бұл аятта ер адамның қарамағындағы айелдің сипаты жайында баян етіледі. Алла Тағала Құранда екі түрлі әйел жайында айтқан: бірі – салиқалы бойұсынған әйел, екіншісі – бойұсынбайтын пасық әйел. Салиқалы әйел – ар-ұятты, отбасылық сырларды, отбасына тән абырой мен ерлері тапқан мал-дүниені сақтай білген әйел[8].

Бесінші:

وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُم مِّنْ أَنفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِّتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحْمَةً ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Бой ұрып тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірім орнатқандығы да, оның белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін, мұнда көптеген ғибрат бар екені шүбәсіз»[9].

Қысқаша түсіндірме: Алланың шексіз құдірет иесі екенінің белгісі – өздерің тектес әйелдерді жаратуында. Әйел адамды жындардан, хайуандардан және басқа мақлұқаттардан жаратпады. Әйелдің ер адамға ұқсатып жарату себебінен екеуінің арасында махаббат, сүйіспеншілік бір-біріне деген тартылыс күші орнаған. Аяттағы «сүйіспеншілік, мейірім» деген сөздерге қатысты  Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Сүйіспеншілік – ер адам мен әйел адам арасындағы махаббат, ал мейірім – бір-біріне деген жанашырлық, зиян тигізбеу» деп түсіндірген[10].

  1. ХАДИСТЕР:

Бірінші хадис:

Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте, жақсы әйелдің мәртебесі жөнінде Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: الدُّنْيَا مَتَاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ

«Бұл дүние өткінші бір ләззәт қана. Ал дүниедегі өткінші ләззаттың ең қайырлысы – салиқалы, жақсы әйел» [11].

Екінші хадис:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه قَالَ: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ  

Абу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер әйел кісі бес уақыт намазын оқыса, Рамазан айында ораза тұтса және ар-намысын қорғап, күйеуіне бойұсынатын болса, онда оған: «Жұмаққа қалаған қақпасынан кір»,деп айтылады»[12].  

Үшінші хадис:

عَنْ أبي أمامة رضي الله عنه، قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: قلبٌ شاكرٌ ولسانٌ ذاكرٌ وزوجةٌ صالحةٌ تُعينُك على أمرِ دنياك ودينِك خيرُ ما اكْتَنَزَ الناسُ

Абу Умамадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шүкір етуші жүрек, Алланы еске алатын тіл және сенің дүниелік әрі діни істеріңе көмектесетін салиқалы әйел, адамдар жиған-терген қазынадан әлдеқайда қайырлы»[13].

Төртінші хадис:

عن سعد بن أبي وقاص رضي الله عنه قال :قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: مِنَ السَّعَادَةِ: الْمَرْأَةُ الصَالِحةُ تَرَاهَا تُعْجِبُكَ، وَتَغِيبُ فَتَأْمَنُهَا عَلَى نَفْسِهَا، وَمَالِكَ، وَمِنَ الشَّقَاوَةِ: الْمَرْأَةُ تَرَاهَا فَتَسُوءُكَ، وَتَحْمِلُ لِسَانَهَا عَلَيْكَ، وَإِنْ غِبْتَ عَنْهَا لَمْ تَأْمَنْهَا عَلَى نَفْسِهَا، وَمَالِكَ

Сағд ибн Әби Уаққастан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Бақытқа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңді көтеретін, жоқ болғаныңда оған оның өзін және мал-мүлкіңді сеніп тапсыратын – салиқалы әйел. Ал бақытсыздыққа жетелейтін нәрселердің бірі: қарағаныңда көңіліңе қаяу түсіретін, тілімен саған қарсы шығатын және жоқ кезіңде оған оның өзін әрі дүние-мүлкіңді сеніп тапсыра алмайтын әйел»[14].

Бесінші хадис:

عن سعد بن أبي وقاص رضي الله عنه عن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ ثَلاَثَةٌ، وَمِنْ شِقْوَةِ ابْنِ آدَمَ ثَلاَثَةٌ، مِنْ سَعَادَةِ ابْنِ آدَمَ الْمَرْأَةُ الصّالِحَةُ، وَالْمَسْكَنُ الصّالِحُ، وَالْمَرْكَبُ الصّالِحُ، وَمِنْ شِقْوَةِ ابْنِ آدَمَ، الْمَرْأَةُ السّوءُ، وَالْمَسْكَنُ السّوءُ، وَالْمَرْكَبُ السّوءُ

«Адам баласын бақытты ететін және бақытсыз ететін үш нәрсе бар. Адамды бақытты ететін үш нәрсе: ізгі әйел, жайлы үй және жақсы көлік. Ал адамды бақытсыз ететін үш нәрсе: жаман әйел, жайсыз үй және жаман көлік»[15].

Алтыншы хадис:

عن أبي أذينة الصدفي أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: خَيْرُ نِسائِكُمُ الوَدُودُ الوَلودُ، المُوَاتِيَةُ، الْمُوَاسِيَةُ، إذا اتَّقَيْنَ اللهَ، و شَرُّ نِسائِكُمُ الْمُتَبَرِّجَاتُ الْمُتَخَيِلاتُ، وهُنَّ الْمُنافِقَاتُ، لا يدخلُ الجنةَ مِنْهُنَّ إلَّا مثلُ الغُرَابِ الأَعْصَمِ

Әбу Узайна әс-Садфи (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Әйелдеріңнің ең жақсысы – күйеуін жақсы көретін, жиі бала туатын, ерін мақұлдайтын әрі оған бойұсынатын әйелдер. Ал әйелдеріңнің ең жаманы – өзінің сұлулығын басқаға көрсететін және менменшіл-тәкаппар әйелдер. Олар – екіжүзді мұнафықтар тәрізді. Олардың тек, тұмсықтары немесе аяқтары қызыл түсті шәуқарғаларға ұқсаған аз бөлігі ғана жұмаққа кіреді»[16].

Жетінші хадис:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ: قِيلَ لِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيُّ النِّسَاءِ خَيْرٌ؟ قَالَ: الَّتِي تَسُرُّهُ إِذَا نَظَرَ، وَتُطِيعُهُ إِذَا أَمَرَ، وَلَا تُخَالِفُهُ فِي نَفْسِهَا وَمَالِهَا بِمَا يَكْرَهُ

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте  Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Қандай әйел ең жақсы?», – деп сұрағанда, Ол: «Күйеуі оған қарағанда, оны қуантатын, ол оған бір нәрсе бұйырғанда, мойынсұнатын, өзіне және өзінің мал-мүлкіне қатысты бір нәрсе ұнамай тұрса да күйеуіне қарсы келмейтін әйел», – деп жауап берді[17].
  1. ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:

Имам әл-Мунауи: «Кез келген әйел кісінің бойынан сабырлық, тақуалық, қанағатшыл сынды көркем сипаттар табылса, онда ол жұмақ иелерінің қатарынан болады. Алайда, әйелдердің арасында мұндай қасиеттермен ерекшеленетіндер өте аз. Себебі, салиқалы әйел – ақ дақтары бар шәуқарға сияқты өте сирек кездеседі»[18].

Ибн Адий: «Базардан жеміс-жидек алып үйіне әкелген адам садақа сауабын алады. Әкелген жемісті ұл балаларынан бұрын қыз балаларына берсін! Әйелдерді, қыздарды қуантқан адам Алладан қорқып жылағандардың сауабын алады. Ал Алладан қорқып жылағандардың денесі тозаққа харам болады» деп қызды қадірлеуді өсиет еткен екен.

  1. ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:

Бірінші қисса:

Жабир ибн Абдулла (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір күні Әсма бинт Язид (р.а.) Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Сіз маған ата-анамнан да артық қымбатсыз. Мен Сізге барша мұсылман әйелдердің атынан келіп тұрмын. Анығында Сіз – еркектерге де, әйелдерге де ортақ болып жіберілген Алланың Пайғамбарысыз. Бізді мазалайтын бір нәрсе бар. Біздің, яғни әйелдердің көп уақыты үйде өтеді. Біз күйеуіміздің разылығын іздейміз, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырамыз. Ошағымыздың түтінін түтетіп, күйеуіміздің дүние-мүлкіне бас-көз боламыз. Соған қарамастан, біз жасай алмайтын кейбір амалдарды ер кісілер жасайтындығы үшін олардың Алладан алатын сауаптары бізден асып кетеді. Олар күнделікті бес уақыт намаздан бөлек жұма намаздарына қатысады, науқастардың көңілін сұрап барады, жаназа намаздарына қатысады, қажылық парыздарын өтеп, құрбан шалады. Олар сондай сауабы мол амалдарды жасап жатқанда біз үйде қаламыз. Олардың бала-шағасына қарап, киімдерін тігеміз. Біз осы үшін олардың алып жатқан қыруар сауаптарының бір үлесін болса да ала аламыз ба?» – деп сұрайды. Бұл сұрақты естіген Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап: «Сендер бұдан артық сұрақ қойған әйелді бұрын-соңды көріп пе едіңдер?» – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Әйел адам осындай сұрақ қояды деп ешқашан ойламап едік», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әсмаға (р.а.) бұрылып: «Мені жақсылап тыңда және мұны өзге әйелдерге де жеткіз. Егер әйел адам күйеуіне бойсұнып, оның үйдегі тірліктерін жасаса, көңілін тойдырып, оны разы етсе, онда ол да Алла жолында құлшылық етіп жүрген күйеуі секілді сауаптарға ие болады!», – дейді. Мұны естіген Әсманың жүзіне ерекше қуаныш, жымиған күлкі пайда болады. Қатты қуанғаннан көңілі көтеріліп, кетіп бара жатып қайта-қайта «Лә иләһә иллә Алла» (Алладан басқа Құдай жоқ), «Аллаһу Әкбар» (Алла Ұлы)» деумен болады.

Екінші қисса:  

Алла Тағала әуелі Адам атаны жаратады. Алайда жұмақтағы Адам ата қанша нығыметтерді көрсе де дара жүруден жалғызсырайды. Сөйтіп ол ұйықтап кеткен кезде Алла Тағала оның қабырғасынан Хауа ананы жаратады. Ұйқысынан оянғанда сомдалған сұлу мүсінді көріп, Адам таңырқай қалып «Не үшін жаратылдың?» – деп сұрайды. Сонда Хауа анамыз: «Сен маған тұрақтауың үшін» деп жауап береді. Осы сөзді ғалымдар былайша тәпсірлеген екен: «Алла Тағала Адам атаға серік болып, көңілінің тыныштық табуы үшін Хауа анамызды жаратып берген». Осыған дәлел ретінде Құранда «Рум» сүресінің 21-аятында Алла Тағала: «Әрі сендердің тыныштық тауып, орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында ойланып ақылға салатын адамдар үшін мұнда дәлел-ғибраттар бар».  

Үшінші қисса:

Күндердің күнінде екі жұптың арасында жанжал шығып, күйеуі әйелін ұрып жібереді. Сонда әйелі: «Мен барып сен үшін арызданамын» дейді. Күйеуі «Мен саған үйден шығуға рұқсат бермеймін» деп долданып, ашуланып есікті, терезелерді жауып қояды». Сөйтіп, «Енді не істейсің? Ұялы телефоның да менде» дейді. Сол сәтте әйелі әжетханаға кіріп, біраз уақыттан кейін дәрет алып шығып күйеуіне: «Мен терезесі жоқ, ұялы телефон қажет болмайтын есігі мәңгі ашық Раббыма сен туралы шағымданамын» деп жайнамазды алып, ұзақ уақыт құлшылық етеді. Намаз оқып болғасын күйеуі келіп: «Сен расымен де мен туралы Алла Тағалаға шағымдандың ба?» дейді. Сонда әйелі: «Мен намаз бастаған уақытта-ақ ашуым тарқап кеткен. Мен Алладан шайтанның азғыруынан сақтауды және екеуміздің арамызға түспеуді сұрадым. Бұл болған жанжалға шайтан кінәлі, сондықтан, соған шағымдандым» деген екен.

  1. НАҚЫЛ СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР:

Ер бұзылса отбасы бұзылады, Әйел бұзылса, ұлт бұзылады. 

Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас.

Жақсы әйел күйеуін төрге сүйрейді, жаман әйел күйеуін көрге сүйрейді.

Жақсы әйел ерінің жақсылығын асырар, жамандағын жасырар.

Жақсы әйел – жігіттің жақсы қылар жаманын, Ұшқыр қылар шабанын.

Жаман әйел – жігіттің тайдырады табанын, Тар қылады заманын.

Дұрыс Ана – қызын ошағынан айырмас, бұрыс Ана – қызын босағадан асырмас.

Мұхтар Әуезов: «Адам баласы бір үлгі аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды. Буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол – анамыз. Ендеше, біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болса да, ешкі сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды» деген болатын.

Дінмұхаммед Қонаев:

Қонаев атамыз, ел басқарып тұрған шағында, бір шопанның үйіне түседі. Сонда әлгі шопан кісі: «Димеке, қырық жыл ел басқардыңыз, айтыңызшы, осы өмірде жаман əйел мен жақсы əйелдің қандай айырмашылығы болады?» – деп сұраған екен.

Сонда Дінмұхаммед Қонаев қысқаша ғана: «Жаман əйелдің екі қолында пышақ болады. Бірімен дастархандағы нанды турайды, екіншісімен көрсетпей жаныңды турайды. Жақсы əйелдің қасиеті – қолында оқтау болады, тілінде тоқтау болады» деп жауап қайырған екен.

Бауыржан Момышұлы: «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды» деген.

Н.Ә.Назарбаев: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді».

  1. ӘЙЕЛ КІСІНІҢ ҮШ МӘРТЕБЕСІ:

Қыз мәртебесі

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай (үздіксіз) келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» – деген (Әбу Һурайра).

Келесі хадисте: «Қыз баланы жақсылап тәрбиелеп, Алла Тағала берген нығметтермен молшылықта жегізіп, киіндірсе, бұл қыз ол үшін берекет болады, тозақтан құтылып жәннатқа оңай кіруіне себеп болады» (Табарани).

Айша (р.а.) анамыз айтады: «Бір күні маған пақыр, кедей әйел екі қызымен келіп, тамақтандыруын өтінді. Мен олардың әр біріне бір құрмадан бердім. Әйел өзіне тиесілі құрманы аузына сала бергенде балалары құрма берші деді. Құрманы өзі жеместен екіге бөліп, қыздарына берді. Бұл жәйт мені қатты әсерге бөледі, мен оны Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айттым. Сонда Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, сол әйелдің істеген жақсы ісі үшін Алла оны жәннатқа кіргізіп, тозақ отынан аман сақтайды», – деді (имам Муслим риуаяты). 

Тағы бір хадисте: «Үш қызына қажеттіліктен құтылғанға дейін жақсы қараған, ішіп-жегізіп, киіндірген адам әлбетте жәннатқа қол жеткізеді» деген (Әбу Дәуід).

Демек, қыз бала әке-шешесінің жәннаты, тозақ отына қалқан. Міне ислам бізге оның мәртебесін осылайша баяндайды. Сондықтан үйімізге қыз келсе, ол үшін қуанып, Аллаға мадақ айтуымыз керек. Әрине, оның өскенде тәрбиесі әке-шешесінен сұралады, солар жауапты болады.

Әйел мәртебесі

Ардақты Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйел – ер кісінің екінші жартысы» деген.  

Алла Тағала әйел баласын өте нәзік әрі әлсіз етіп жаратты. Оған табиғи рең беріп, көркемдеді. Толағай-тағдырдың салмағын нәзік жүрегімен көтере білсін деп оның тұла бойын төзімді етіп жаратты. Дүниеге адам әкелуді, әр ауыртпалықты жеңсін деп Алла Тағала оған мықты қажыр берді. Ерінің иманының толығуына, нағыз ер болып қалыптасуына әсер ететін де осы әйел. Омар ибн Хаттабтың (р.а.) риуаятында Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иманды әйел – қайырлы іс жасамайтын 1000 еркектен де қайырлы» деген.

Әйел заты ерінің көмекшісі, қолдаушысы, ол басшылық етіп отырған отбасының ұйытқысы. Хадисте: «Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері, күйеулеріне сәлемі түзу (яғни, бойсұнушы) және қанағатшылдары» деген (Айша анамыздан).

Бір күні Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп былай дейді: «Уа, Алланың Елшісі! Менің әйелім мен үйге кірген уақытта: «Қош келдің! Менің әрі осы шаңырақтың қожайыны», – дейді. Мұңайғанымды көрсе: «Бұл өмір сені мұңайтпасын, саған арғы дүние жеткілікті болады», – дейді. Сонда Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған айтып бар: ол Алланың қызметшілерінің бірі, әрі оған, Алла жолында күресушіге берілетін сый-сияпаттың жартысы жазылады» – дейді.

Тағы бір хадисте әйел мәртебесін былайша сипаттаған: «Мына дүниенің салиқалы әйелдері, хор қыздарынан жетпіс мың есе артық болады» (ибн Мубарак).

Әйел күйеуінің қамқоршысы, жартысы. Яғни сауап істердің қасында әйелі жүреді деген сөз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Түннің бір жартысында тахажжуд намазын оқуға тұрып әрі күйеуін оятып, екеуі бірге намаз оқыған әйел және күйеуін оятқанда тұрмағандығы себепті бетіне су шашқан әйел Алланың қамқорлығында болады» деген (Әбу Дәуід риуаяты).

Келесі хадисте: «Әйелдер үш түрлі болады:

  1. ыдыс секілді, көтеріп қайта қоя тұғын;
  2. терісі ауыратын түйе секілді;
  3. мейірімді және бала туатын. Иманын мықтылау үшін күйеулеріне көмек беретін, мұндай әйел еркек үшін қазынадан да қайырлы»(Байхақи риуаяты).

Ана мәртебесі 

Исламда «Жәннат – аналардың табанының астында» деп ананың тұлғасын ерекше ұлықталған. 

Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі, кімге жақсылық жасайын?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Анаңа», – деп жауап береді. Әлгі адам екінші рет: «Одан кейін кімге жасайын?», – дегенде, – «Анаңа» деген жауап алады. Әлгі адам тағы: «Одан кейін кімге жақсылық жасайын?», – дегенде Пайғамбарымыз үшінші ретте де «Анаңа», – деп жауап береді. Тек төртінші рет тағы да «Одан кейін кімге?», – деп қайталағанда, Пайғамбарымыз: «Әкеңе», – дейді. Бұл хадис Исламда ананың мәртебесі үш есеге жоғары екенін көркем түрде жеткізген.

Ана болу – әйел адамның бақыты. Ананың жауапкершілігі де қиындығы да көп. Сондықтан, Алла Тағала анаға сондай мол сауап береді. 

«Ана жүкті болған кезде оған күнін оразамен, түнін құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады. Толғағы басталған кезде, ешбір жаратылыс Алланың оған қандай сый беретінін білмейді. Ол сәбиін дүниеге әкеліп емізе бастағанда, сәбидің әрбір жұтымы үшін, әрбір емізгені үшін оған өліні тірілткендей сауап жазылады» (Абдуррахман ибн Ауф). Келесі бір хадисте «Ана жүктілік кезінде және сәбиді туып асыраған уақытында Алла жолында жүрген жауынгер сияқты. Егер бұл уақытта қайтыс болса, оған шәһидтің сыйы беріледі» деген.

  1. ТАРИХИ ДЕРЕК:

Қазақ халқы түбі тереңде жатқан тарихи халық. Біздің өзімізге тән тарихымыз да, салт-санамыз да, мәдениетіміз де жетерлік, сонымен қатар ірі тұлғаларымыз, ауыз толтырып айтарлық ұлағатты аналарымыз да бар. Қазақ қазақ болып орда құрып, ту көтерген шағында Керей хан мен Жәнібек ханға Жәнібек ханның анасы батасын беріп, атадан қалған асыл мұраларын, байлығын хандыққа табыс етіп ұлдарын артынан қолдап отырған. Қаракерей қабанбай батырдың жан жары Гауһар анамыз қазақ пен қалмақ арасындағы шайқаста ерліктерімен елдің есінде қалған. Гауһар анамыз қан майданда жары Қабанбай батырмен бірге жан алысып жан берісіп, ешқандай ауыртпашылықтан қайтпай, табандылық таныта білген екен. Кейіннен өзінің тұңғышы болған қызы Назым да елдің есінде ерлік істерімен қалған деседі. Бұл да болса ананың тәрбиесінің балаға әсерінің дәлелі болмақ.

Абай қазақ халқы үшін шоқтығы биік ірі тұлғалардың бірі. Абайдың Абай болуы оның әкесінің Құнанбай болуымен қатар, әжесі Зеремен де тікелей қатысты. Абай кішкене күнінен әжесі Зеренің тәрбиесінде болған. Зере әжеміздің бесік жырын, ертегісін, әнін, жырын естіп өседі. Кезінде Зере анамыз Құнанбай бабамызды емізер кезде дәретпен емізетін болған, бұл да үлкен тектіліктің белгісі болды. Зере анамыз ақылды, парасатты, жан баласын ренжітпейтін, кемеңгер, тақуа болған екен.

Қазақ жұртына аты әйгілі болған келесі ана Домалақ ана.  Домалақ ана шын есімі Нүрилә Әлисманқызы. Бәйдібек бидің үшінші әйелі болған. Анамыз кішкентайынан бабасы Мақтым ағзамның тәрбиесінде болған. Мақтым ағзамның түсінде Нүрилә аян болып «Әулие әйел» деп атаған және оның білегін алғаш кім ұстаса, сол болашақтағы тағдырын біріктіретін күйеуі болады деп нышан-белгі берген екен. Бұл туралы бабасы Нүриләға 8 жасында ескерткен екен. Кейіннен 10 жас кезінде құдықтан су алуға барған кезінде абайсыз құдыққа түсіп кетіп, оны Бәйдібек би құтқарып алған кезде би Нүриләнің білегін ұстап сыртқа шығарған екен. Осылайша Нұрила анамыз 19 жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шығады.

Домалақ ананың қызы Қызайым анамыз да білгір, ибалы болып ержетеді. Қызайым 17 жасында Найманның Төлегетай атты баласынан тараған Құтболаттың екінші ұлы Шағыр батырға ұзатылады. Кейін күйеуі қайтқан соң 5 жыл аза тұтып, әмеңгерлікпен қайнысы Тоқтармен қосылған. Анамыздың төрт ұлы болған. Қызай ана жастайынан парасатты да ақылды, кемеңгер, білімді қыз болған. Оған осы парасаттылығы анасы Нүриләдан (Домалақ анадан) дарыған. Анамыз келін болғаннан бастап жиын-тойларда, өлім-жітімдерде өз парасаттылығын көрсетіп, үлкендерге ибалы болумен бірге, кішілерге ақыл тәрбиесін жүргізген. Елі бай-бақытты күн кешкенде асып-таспаған, ел басына күн туғанда жаугершіліктен жасымаған. Балаларын қайратты, қажырлы, берекелі, ынтымақты болуға тәрбиелеген. Қызай ана ақылдылығымен қатар өнерлі болған. Үйде отырғанда найман елінің қыздарына, өз қыздарына, немерелеріне кесте тігуді, киім-кешек тігуді, ұршық иіріп, қап тоқуды, киіз басу сияқты өнерлерін үйретіп отырған. Ол кісі әрдайым «қызға қырық үйден тыйым» деген сөзді қыздарына ескертіп отырған. Осындай тәрбиелерінің арқасында ұлдары Итемген, Меңіс, Бегімбет, Дербіс анасына қамқор, еліне пана болып, қазақ елінің моңғолдармен болған шайқастарында атойлап алға шығып, қазақ даласын қорғауға, Қызай елінің ел болуына, өсіп-өрбуіне ерен еңбек көрсеткен. Сол кездегі халық Қызай ананың парасаттылығына, ақылдылығына риза болып, әкесі Бәйдібек бидің қойған «Қызайым» атына орай толық атамай тектеп «Қызай» деп жүріп, немесе «Бәйдібектің қызын ай» – деп атап кеткен екен.

«Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деп бекер айтпаған болар, Домалақ анадай «Әулие анадан» туған Қызай ананы бүгінде бір ру болып естерінде сақтап келеді, ұрпақтарына айтып келеді.

Шіркін, халқымыздан шыққан аналарымыздың барлығын айта берсек, әрқайсысы өз алдына бір төбе. Мысал, күйші анамыз Дина, күміс көмей Күләш апамыз, Шоқан атамыздың әжесі Айғаным әжеміз, Мұхтар Әуезовтың әжесі Дінәсіл әжеміз, Ақын Сара, Сапура (Көктемір) батыр т.б. барлығы да жатқан тарих, ұлы аналар.

Сондай-ақ халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді аналардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүгінгі болашақ ұрпақ үшін өнеге.

  1. УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:
  • Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар;
  • Салиқалы әйелдің мәртебесі – осы дүниеде де, ақыретте де үлкен нығмет;
  • Күйеуімен жақсы мәміледе болу – мұсылман әйелдің басты міндеті;
  • Білім алу ер адамға да, әйел адамға да – парыз;
  • Қоғамдағы кейбір жауапты міндеттердің ер адамға жүктелуі – әйел адамға деген мейірімділік;
  • Ер адам үшін әйел бойындағы ең басты қасиеттердің бірі – имандылық.
  1. ДҰҒА:

رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا 

«Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың (Өзіңе бойсұнып, жазадан қорқып, сақтанғандардың) алды ете гөр!»[19].

 

 

 

[1] «Тин» сүресі, 4-аят.

[2] Сафуат ат-тафасир.

[3] «Ниса» сүресі, 1-аят.

[4] Сафуат ат-тафасир.

[5] «Бақара» сүресі, 228-аят.

[6] Сафуат ат-тафасир.

[7] «Ниса» сүресі, 34-аят.

[8] Сафуат ат-тафасир.

[9] «Рум» сүресі, 21- аят.

[10] Сафуат ат-тафасир.

[11] Муслим хадистер жинағы.

[12] Ахмад хадистер жинағы.

[13] Байһақи хадистер жинағы.

[14] Хаким хадистер жинағы.

[15] Ахмад хадистер жинағы.

[16] Байһақи хадистер жинағы.

[17] Имам ән-Нәсәи (3131) риуаят етті.

[18] «Фәйдул-Қадир» 2867.

[19] «Фұрқан» сүресі, 74-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру