Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПЕРІШТЕЛЕР СӘЛЕМ БЕРЕТІН САПАР

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ "Мұнара" газеті 06.06.2022 1493 0 пікір
ПЕРІШТЕЛЕР СӘЛЕМ БЕРЕТІН САПАР

Асыл дініміз Исламдағы бес парыздың бірі – қажылық. Қажылық сөзінің тілдік мағынасы «ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту» деген ұғымды білдіреді. Фиқһ іліміндегі қажылық сөзінің мағынасы мынадай: балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы сау әрі қаражат мүмкіншілігі табылған әр мұсылманның Алла үшін ғұмырында бір мәрте шариғат белгілеген мерзімде арнайы шарттарға тәуелді құлшылық рәсімдерін орындауға дара тағайындалған қасиетті орынды зиярат етуі.

Қажылық сапарға баруға мүмкіндігі бар мұсылманға қасиетті орынды зиярат етуі, яғни қажылыққа баруы – парыз. Бұған қатысты қасиетті кітабымыз Құранда былай делінген: «Соның өзі – айқын мұғжиза. (Оның ішінде) Ибраһимнің мақамы да бар. Ол шаһарға кірген адам баласы қауіпсіз жағдайда болады. Жағдайы бар адамдар үшін Қағбаға барып, Алла алдында қажылық жасау – парыз. Ал кімде-кім бұған сенімсіздік білдірсе, ақиқатында, Алла күллі әлемге де мұқтаж емес» («Әли Имран» сүресі, 97-аят).

Кітаптарда осы аяттың тәпсірі былай баяндалған: «Адамдардың Қағбаны зиярет етулері хазірет Ибраһимнен бастау алды. Сафа мен Маруа жоталары да сол кезеңнен басталады. «Ибраһимнің мақамы» деген сөз тіркесі хазірет Ибраһим Қағбаны қалап жатқанда басқан аяғының ізі қалған тасқа байланысты айтылған. Сонымен қатар бұл аятта қажылықтың мұсылман баласы үшін парыз амалдарынан екенін білдіреді. «Қаж» сөзінің сөздіктегі мағынасы – бір жерге бару немесе әлдебір істі істеуді меңзеу. Ал діндегі терминдік мағынасы – белгілі бір уақытта Арафатта тұру, яғни уақфа жасау және Қағбаны тауап ету әдебіне сай Қағбаны айналып жүру арқылы орындалатын құлшылық». Ғалымдарымыздың түсіндіруінше, шамасы бола тұра, мән бермей, салғырттықпен немесе менсінбей қажылық амалын орындамаса, ол пенде үлкен күнә жасаған болып есептеледі.

Алла Тағала қалаған пендесін қажылыққа шақырады. Сондықтан қажылар Құдайдың қонағы болып саналады. Қазақ халқы қажылыққа барып келген кісіге ерекше құрмет көрсетіп, ілтипатын танытқан. Өйткені қасиетті Мекке мен Мәдинаға барып келген кісіге құрмет көрсету Алланың діні мен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрмет болып саналады. Ал ұлы сапарға барып келген кісі «қажы» деген атқа лайықты болғаны абзал.

Қажылық сапары мұсылман баласын рухани кемелденуге, ойы мен көзқарасының түзелуіне үлкен әсер етеді. Өйткені пенде Аллаға жақындау ниетімен ұзақ сапарға бару үшін Отанын тәрк етіп, бала-шағасымен, ағайын-туысымен уақытша болса да қоштасып, малы мен жиған дүниесін құрбан етіп, денсаулығы мен күш-қайратын сарп етіп қажылыққа барады.

Адам баласы қажылықта шынайы тәубеге келеді, нәпсісімен күресіп, сапардың қиындығына төзеді. Алламен байланысты нығайта түсу үшін Қағбаны тауап етіп, құлшылық жасайды. Арафатта аяғынан тік тұрып, күнұзақ дұға жасап, жылап тұрып Аллаға жалбарынады. Қажылықта екі ақ матаға оранған мұсылман бұл өмірдің жалған екенін, уақыт-сағаты келгенде осындай ақ матаға оранып, Алла алдына баратынын сезінеді. Бұл өмірден иманынан басқа ештеңе алып кете алмайтынын түсінеді.

Қажылығым қабыл болмай қалмасын деген үреймен мінезін түзеп, айналасындағы адамдармен көркем мәміле жасауға, Аллаға шынайы бойсұнуға дағдыланады. Денсаулығына шүкір етіп, қайыр сұраған адамдарға садақа береді. Осылайша оның жүрегі мейірімге толып, иманы күшейеді. Бұл – мұсылманның жеке басына тигізетін пайдалар.

Ал қажылықтың мұсылман үмбетіне тигізер пайдалары туралы айтар болсақ, адам баласы ұлы сапар кезінде қажылыққа әлемнің әр бұрышынан келген бауырларының жағдайын жіті түсінеді. Олардың қандай хәлде өмір сүріп жатқанын сезінеді. Бүкіл адамзат баласы Аллаға құлшылық ету үшін жаратылғанын терең ұғады. «Жындар мен адамдарды Өзіме ғибадат ету үшін ғана жараттым» («Зәрият» сүресі, 56-аят) деген Құран аятының астарына үңіледі. Тілі мен түрі басқа болса да мұсылман үмбеті бір дене екенін түсінеді. Мұсылманның ортақ мақсаты бар екенін біледі. Ол – Алланың дінін мейлінше жер бетіне тарату...

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла елшісінен: «Ең абзал амал қандай?» – деп сұралды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға және елшісіне деген иман», – деді. «Сосын қайсы?» делінді. Ол: «Алла жолындағы күрес» деді. «Сосын қайсы?» деп тағы сұралды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сосын – игі қажылық», – деді». Кейбір ғұламаларымыз хадистерде келген «игі қажылық» деген сөзді «қабыл болған қажылық» деп түсіндіреді. Ал Имам ан-Науауи «игі қажылықты» ешқандай күнә араласпаған қажылық деп түсіндірген.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Күмәнсіз, Алла Тағала сендерге қажылықты парыз етті, қажылықты орындаңыздар және кісі өз үйінен үлкен немесе кіші қажылық парызын орындау үшін сапарға шықса, аяғын адымдап жүрген сайын күнәлары денесінен ағаштан түскен жапырақтар секілді төгіледі. Мәдина қаласына жетіп, менімен амандасса, онымен періштелер де қолын алып амандасады...» Тағы бір хадисте баяндалғандай, «кімде-кім Алла Тағаланың ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады».

Адамның жеке өмірінде қажылық сапарының алар орны ерекше екенін жоғарыда атап өттік. Осы жерде айрықша айтып кетер жайт: ұлық сапар мұсылман баласынан рухани һәм материалдық, жалпы жан-жақты дайындықты талап етсе, қажылықтан кейінгі өмір де адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Қажылықтан кейін мұсылманның өмірінде жақсы жағынан үлкен өзгерістер орын алуы керек. Қажылыққа барған адам айналасындағы адамдарға үлгі көрсететіндей дәрежеге жетуі тиіс. Адамдар қажылықтан келген кісіден жақсы насихат тыңдағысы келеді. Оның бойынан жақсы қасиеттерді алғысы келеді. Сондықтан қажылыққа барып келген адам тек жақсы әдептерімен айналасындағы адамдарға үлгі болуы тиіс.    

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі барша имамдарға жолдаған бағдарлық баяндамасында: «Аллаға шүкір, әлемдік жұқпалы індеттің қаупі сейіліп, күллі мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті мекендерге жол ашылып, ұмраға барушылар қатары күн санап көбеюде. Қажылық пен ұмраға ниет еткен азаматтар мешіт жанындағы Қажылық орталықтарынан дәріс алуы тиіс. ҚМДБ жанындағы Қажылық бөлімі отандастарымыздың ұлы сапарға рухани тұрғыдан дайындауға белсенді түрде кірісуі керек», – деп атап өтті. Біз, имамдар, осы бағытта тиісті іс-шараларды атқарып келеміз. Қажылыққа ниет еткен жандар болса, мешітімізде ондай кісілерге қажылыққа рухани дайындық дәрістерін беруге әзірміз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Қабыл болған қажылықтың сыйы – жәннат» деп сүйінші хабар жеткізеді. Алла Тағала күллі мұсылман баласына қабыл болған қажылықты нәсіп еткей. Әмин!

 

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,

Жаңаөзен қалалық мешітінің наиб имамы

«Мұнара» газеті, №4, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру