Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАННЫҢ БАУЫРЫ

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 27.04.2020 1939 0 пікір
МҰСЫЛМАН – МҰСЫЛМАННЫҢ БАУЫРЫ

Қазіргі қоғамдағы зиянды дерттің бірі – қасыңдағы бауырыңа зияныңды тигізу. Сыртынан күндеп, ғайбаттау. Біздің дініміз мұсылманның мұсылман алдындағы міндеттерін айқындап қойған. Соның бірі – мейірім таныту.

Бұл жайлы Құранның «Хижр» сүресінде «Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол» («Хижр» сүресі 83-аят) делінген. Нұғман ибн Бәшир (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – деп айтты» – делінген. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп  айтты» делінген. Міне, бұдан ұғарымыз жанымыздағы бауырымызды сыртынан сөкпей, ол үшін дұға етуге тиіспіз.  

Әбу һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылман бауырының алдында бес міндеті бар: сәлем бергеннің сәлемін алу, науқастың көңілін сұрау, жаназаға қатысу, шақырған жерден қалмай бару және түшкіргенге «йәрхамукаллаһу» (Алла сені рақымына бөлесін) деп айту», – деген. 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ешбірің өзі жақсы көрген нәрсесін бауыры үшін де жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді», – деп айтқан (Бұхари). Бұған қатысты имам Суютый мынадай хадисті келтіреді: «Бір біріңізге сыйлық беріңіздер – жақсы көресіздер». Адамдардың бір-біріне қонаққа барып тұруы да бейбітшілікті тарқату амалына жатады: «Уақыт өте бір-бірлеріңізге қонаққа барып тұрыңыздар, бұл – араларыңыздағы махаббатты күшейтеді» (Табарани). Міне, қадірменді оқырман өзіміз араласып, сыйласып жүрген жандарға деген махаббат жай ғана сөйлесіп, сырласумен шектелмейді екен. Оны Алла разылығы үшін жақсы көруге тиіспіз.

Әнас (р.а) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кімнің бойында төмендегі үш нәрсе болса, ол иманның тәттілігін сезінеді: Алла мен оның елшісін барша нәрседен артық жақсы көру; Жақсы көрген кісіні тек Алла үшін деп жақсы көру; Күпірлікке қайтуды тура отқа түскендей жек көру» (Бұхари және Мүслім).

Алла Тағала былай дейді: «Достардың тақуаларынан басқалары сол күні (Қиямет күні) бір-біріне дұшпан болады». Арақ ішу, құмар ойыны және басқа да Алланы еске алудан алыстататын күнәлі істер жолындағы достық ақыретте опық жегізеді. Алла Тағала былай деген: «(Қиямет күні залымдар былай дейді) Қап, әттеген-ай! Пәленшені дос тұтпаған болсам еді. Ол мен өзіме жеткен зікірден (Құраннан) алыстатты. Шайтан адамға опық жегізеді» («Фурқан» сүресі, 28-29 аят).

Ал бір-бірімен Алла разылығы үшін бауырға айналған тақуа мүмін жандар қияметте сол имани байланысының пайдасын көреді. Бұдан шығар қорытынды – дін бауырымызға деген жанашырлық. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы тіпті танымайтын адамды ғайбаттап жатамыз. Жоғары қызметте жүрген кісінің сыртынан сын айтуға құмармыз. Бірақ Ислам діні мұны құптамайды. Өйткені Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріңнің кемшіліктеріңді іздемеңдер, бір-біріңді сырттай жамандамаңдар, ғайбат етпеңдер. Өлген бауырының етін жеу кімге ұнайды», «Біреумен Алла үшін бауыр болған адамды Алла Тағала сондай бір дәрежеге көтереді, ол дәрежеге басқа ешқандай амалмен жете алмайды» деген. Əбу Идрис Хауалани Мұғаз ибн Жабалға (р.а): «Мен сені Алла үшін жақсы көремін» деген кезде, Мұғаз (р.а) оған: «Саған сүйінші хабар айтайын, мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын): «Қиямет күні Аршының айналасына бір топ адам үшін орындықтар дайындалады. Олардың жүздері он төртінде толған айдай болады. Адамдар үрейленген кезде, олар үрейленбейді. Адамдар қорыққан кезде, олар қорықпайды. Олар – өздеріне ешбір қауіп пен қайғы болмаған Алланың достары. Бұлар – бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көрген адамдар» дегенін естідім» дейді.  

«Бірде бір адам басқа ауылда тұратын бауырының хәлін білуге жолға шығыпты. Сонда Алла Тағала періштеге ол жүретін жолда оны күтуді бұйырыпты. Әлгі адам жақындаған кезде періште: «Қайда жол тарттың?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Келесі ауылда тұратын бауырыма бара жатырмын» - дейді. Періште: «Мүмкін сен оған қандай да бір жақсылық жасаған шығарсың. Енді соның қарымын алуға бара жатқан шығарсың?» - дейді.  Әлгі адам: «Жоқ, мен оны Алла разылығы үшін жақсы көремін» - дейді. Сонда періште: «Мені саған Алла жіберді. Сенің бауырыңды Алла разылығы үшін жақсы көргеніңдей Алла Тағала да сені жақсы көретінін айту үшін келдім» - деген екен. Әзіреті Омар (р.а): «Сендерден біріңді діндес бауырыңыз Алла үшін жақсы көрсе, бұл сүйіспеншілікті сақтап қалыңдар. Себебі, мұндай сүйіспеншілік өте сирек кездеседі» деген.

Достың екі түрі бар. Біреуі – амал дос, екіншісі – адал дос. Өзінің жеке пайдасын күйттеген емес, ақыретіне сауап жинайтын достықты таңдайық. Муслимнен жеткен мынадай хадис бар: «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін» дейді екен. Ал Бұхари: «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді. Бұл – оның көзінше жасалған дұғадан жетпіс есе артық. Сонымен қатар, Тирмизи: «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі достың мысалы – екі қол сияқты. Бірін екіншісі жуады» деген.

Міне, достар – Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, екі қол сияқты бір біріне жәрдемші. Дос кемшіліксіз болмайды. Бірақ біз оның шалыс басқанына бола теріс айналсақ, бұл ісіміз оң ма? Жоқ. Мұсылманның бауыры алдындағы тағы бір міндеті – достың қате-кемшілігін кешіре білу. Қолынан келсе кемшін тұсын өзіне айтып, жақсылыққа бастау. Әбу Дарда (р.а): «Егер досың өзгеріп, бұрынғы халінен айныса, онысы үшін оны тәрк етпе! Себебі, досың бірде қисық, бірде түзу болады» деген. Сондықтан бауырлар, дін бауырымызға деген адалдығымызды жойып алмас үшін әркез ол туралы жақсы ой, түзу ниетте болуға тиіспіз. Қорыта айтқанда, Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиетін достық алаңында жалау етіп ұстайық!

 

Еркін ШӘКІРҰЛЫ,

ҚМДБ «Хикмет» студиясының тілшісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі