«Сайфназар» мешіті
Сырдария ауданы Аманкелді аулында салынған. Құрылысы 2009 жылы сәуірде басталып, 2010 жылы мамырда аяқталды. Ауылдың танымал, жанашыр азаматтар мен тұрғындары қаржысына асарлатып тұрғызылған.
Жер аумағы 0,2 га , 100 адамға арналған. Бір қабатты, шатыры тот баспайтын жылтыр ақ қаңылтырмен жабылған, биіктігі 3 м, 7 терезесі бар, 4 бөлмелі. Қабырғасы қызыл кірпіштен қаланып сырты сырланып, әктелген. Ғимараттың ұзындығы 11, ені 11 м. Бір үлкен күмбезі, екі мұнарасы бар, олардың ұшар басына жарты ай белгісі қойылған. Алла үйі дәлізден, намаз бөлмесінен, имам бөлмесінен, дәрісханадан тұрады. Іші заман талабына сай әрленген, барлық бөлмелеріне жарық шам орнатылып, кілемдер мен көрпешелер, жайнамаздар төселген. Михрабы, үш баспалдақты мінбері бар, дыбыс күшейткіш құрылғы, оқулық тақта, кітап сөресімен жабдықталған. Мешіт көмір арқылы жылытылады. Ауласының алды темір шарбақпен, екі жақ қапталы мен арты ағаш шарбақпен қоршалған. Ауласы көркейтіліп көгалдандырылған. Терек, сыр талы отырғызылған.