Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚШ-тағы қанды оқиғалардың қайсысы терроризм?

Бауыржан Саханов  baq.kz 08.11.2017 4681 0 пікір
АҚШ-тағы қанды оқиғалардың қайсысы терроризм?
АҚШ үкіметі елінде болған қанды оқиғалардың бірін діни терроризмге теңесе, екіншісін жеке адамның психикалық ауытқушылығы салдарынан болған қайғылы жағдай деп танып отыр.

Жақында Лас-Вегаста Стефен Паддок концертке жиналған 20 мың адамға тоқтаусыз оқ атты. 59 адам қаза тауып, 500-ден астам адам түрлі деңгейде жарақат алды.

Фото: Radar Online

Өткен аптада Нью-Йорктің Манхэттен ауданында автокөлік жүргізушісі Сайфулло Саипов велосипед жолындағы жолаушыларды қағып кетіп, оқ жаудырды. 8 адам қайтыс болып, күдікті терроршы деп танылды.

Фото: The Amed Post

Кеше Техаста 26 жастағы күдікті Девин Келли баптистік шіркеуге кіріп, 26 адамды өлтірді. Бірақ билік оқиғаны террористік әрекет ретінде қарастырмайтынын айтты.

Фото: Associated Press

Бұл үш оқиғадан кейін бүкіл әлем «Неге тек Сайфулло Саипов қана терроршы деп танылды?» деген сұраққа жауап іздей бастады.

АҚШ заңы бойынша терроризм деген не?

АҚШ Кодексінің 22-бөлімінде «Терроризм – алдын ала ойластырылған саяси мақсаты бар қастандық, жалпыхалықтық мақсаттарға қарсы әрекет» делінген.

АҚШ-тың федеральдық заңдар кодексінде «Терроризм – үкімет пен азаматтарды, тұрғындарды саяси немесе әлеуметтік мақсатта қорқытып, зорлық көрсету» деп жазылған.

«АҚШ-та ішкі терроризм жоқ» - FBI

Ал Федералдық тергеу бюросы (FBI) ішкі терроризмге «экстермистік идеологиялық, саяси немесе діни сипаттағы, әлеуметтік, нәсілдік және экологиялық сипаттағы жеке адам немесе топтардың әрекеті» деген анықтама берген. Бірақ соған қарамастан FBI директоры Кристофер Вай: «АҚШ-та ішкі терроризм деген қылмыс түрі жоқ. Федералдық тергеу бюросы ішкі терроризм анықтамасын тек тергеуге қандай агенттерді жіберуге болатынын анықтау үшін ғана қарастырады» депті. Оның айтуынша, қандай қанды оқиға болып жатса да, саяси немесе идеологиялық сипаты анықталмаса, ол терроризмге жатпайды.

Федералдық тергеу бюросының айтуынша, адам өміріне қауіп төндіру; қорқыту; адам өлтіру немесе адам ұрлау арқылы мемлекеттік саясатқа әсер етуге талпыну - осы үш критерий бойынша оқиғаны терроризм деп тануға болады.

Паддок неге терроршы емес?

Лас-Вегастағы атысты президент те, билік те ішкі терроризм деп атамады. Трамп Паддоктың «есі дұрыс емес» деді. Ақ үйдегі жиында тілшілердің «Бұл ішкі террорлық әрекет пе?» деген сұрағына, тіпті, мүлдем жауап та бермеді. Ал, полиция Паддоктың қанды қырғынға бару себебі анықталмағанын айтты.

Паддоктың ешбір террористік топтармен байланысы анықталмады. Бірақ оның психикалық ауруы бар екеніне де дәлел жоқ.

Негізінен, оқиға болған Невада штатының заңында «терроризм жазықсыз тұрғындардың өліміне немесе жаралануына әкелген кез келген қатыгез әрекет пен зорлық» делінген. Дәл осы бап әлеуметтік желілерде жылдам тарап, Лас-Вегастағы атыстың терроризм ретінде танылмағанына көпшілік наразылықтарын білдірген болатын.

Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі Паддок мұсылман болса, бірден терроршы деп айыпталатынын жазумен болды. Кейбір басылымдар да «Ол мұсылман болса, еш дәлелсіз экстремистік топтармен байланыстырылатын еді» деп жазды.

Оқиғадан кейін Твиттерде «Жалғыз қасқыр» (lone wolf) сөзі 200 мың рет, террористік шабуыл сөзі 170 мың рет қолданылды. Яғни, әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас болды.

Бір айта кетерлігі, Паддокты өз­дерінің жауынгері екенін айтқан ISIS ақпа­рат тез арада жоқ­қа шығарылды. Бұл АҚШ-тың ақ нәсіл­ді америкалықтарды лаңкеске жат­қыз­ғысы келмейтінін көрсете ме?

Техастағы атыс. Күдікті терроршы ма?

Нью-Йорк штатының заңында «терррозим акті азаматтарды қорқыту; адам ұрлау немесе өлтіру арқылы үкіметтің әрекетіне әсер етуге талпыну» делінген. Сарапшылар Сейфулло Саиповтың бұл заң бойынша емес, мұсылман болғаны үшін бірден терроршы деп танылғанын айтты. Себебі, оның қолында «Ислам мемлекетіне адалмын» деген жазу болған.

Ал Техаста күні кеше болған қанды қырғынды билік террористік әрекет ретінде қарастырмайтынын айтты. Техас штатының заңы бойынша, «терроризм – адамды жарақаттау, бойына қорқыныш ұялату, адам көп жиналған жерлердегі, қоғамдық орындардағы жиынды бұзу, жұмыс істеуге немесе белгілі бір жиын өткізуге кедергі жасау; азаматтарды қорқыныш пен үрейде ұстау; мемлекеттік немесе саяси, үкіметтік агенттіктер қызметіне әсер ету» екен. Ал атеист күдікті шіркеудегі жиынды бұзуды емес, отбасылық себептермен осы оқиғаға барған болуы мүмкін деген жорамалдар айтылып жатыр.

Жалпы, терроризм туралы анықтамаларда тек өлім мен зорлықтың болуы жеткіліксіз екені, саяси немесе идеологиялық сипат болу керектігі айтылған. Индианополис университетінің профессорлары мен саясаттанушылары Лас-Вегастағы оқиғада да, Техастағы атыста да күдіктілер көпшілікті қорқытып, әдейі зорлық жасағысы келгенін саяси себепке жатқызуға болатынын айтып жатыр.

Терроризм бе, емес пе? Басқа да оқиғалар

Биыл наурыз айында Нью-Йорк көшесінде қара нәсілді адамды өлтіргені үшін Джеймс Харрис Джексонға терроризм бойынша айып тағылды. Күдікті қара нәсілділерді жек көргені үшін көшеге шығып, жолында кездескендеріне оқ атқан.

2009 жылы америкалық полицей 13 адамды өлтіріп, өлім жазасына кесілді. Бірақ оқиға терроризм ретінде қарастырылмады.

2015 жылы Питер Берген шіркеуге кіріп, 9 адамды өлтірді. Күдікті өзінің дінаралық соғыс бастығысы келгенін мойындаса да, оқиға тағы терроризм деп аталмады. Сол кезде CNN «егер күдікті мұсылман болғанында, бірден террорлық әрекет ретінде тергеу жүргізілетін еді», деп жазды.

Мақалада зорлық жасаған адам қара нәсілді немесе мұсылман болса, оқиға бірден терроризм ретінде қарастырылатын еді деп жазылған. CNN шолушысы «Біз террорист сөзін күдіктінің нәсілін көрсету үшін ғана қолдатантын деңгейге жеттік. Күдіктінің ұлты стреотиптерге сай келмесе де, оқиға терроризм ретінде қарастырылуы керек», деп жазды.

Терроризм ұғымы саясиланып кетті

Соңғы оқиғалардан АҚШ-та терроризмнің заң жүзіндегі анықтамасы ғана емес, саяси сипаты да барын көруге болады. Себебі Америка президентінің оқиғалардан кейінгі реакциясына назар аударып көрсек, Трамп Нью-Йорктегі атыстан аз ғана уақыт өткен соң иммиграциялық тексерістер енгізу керектігін айтты. Ал Лас-Вегастағы қанды қырғаннан соң үкіметке оған қарсы әрекет ету туралы тапсырма бермеді. Ақ үйдегі жиында да қызуқандылыққа салын­бай, қаза болғандардың отбасына көңіл айтумен шектелді.

Vox.com: АҚШ-тағы терроршыларының көбі – америкалықтар

Естеріңізде болса, Трамп 7 мұсылман мемлекеттен шыққан азаматтарға АҚШ-қа кіруге тыйым салатын бұйрық шығарған болатын. Сол арқылы ол мемлекетті радикалды ислам террористерінен құтқарамын деген еді. Бірақ Vox.com сайты Дональд Трамп президентікке келгелі елде болған шабуылдарға шолу жасап, бұл уақыт аралығында АҚШ азаматтары көбіне Ислам дініне және ислам террористеріне қатысы жоқ америкалықтардың қолдарынан көбірек қаза тапқанын жазды.

Сонымен қатар Вашингтондағы сараптамалық орталық жүргізген зерттеуден де соңғы 15 жылда америкалықтар көбіне өз елдерінен шыққан экстремистердің қолдарынан көз жұмғанын байқауға болады. Сараптамалық орталықтың баяндамасында АҚШ-тағы соңғы 15 жылдағы ең ірі оқиғалар бойынша күдіктілер Трамп АҚШ-қа кіруге тыйым салған 7 мемлекеттен емес екені айтылған. Баяндамада сондай-ақ федералдық тергеу бюросы істерінің 51 пайызы ішкі шабуылдардан болғанымен, ұйымның небәрі 31 пайызды құрайтын исламдық шабуыл немесе осы сипаттағы істерді тергеуге көбірек уақыт жұмсайтыны айтылған.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру