Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ШЕРУГЕ ШЫҒУДЫҢ ҮКІМІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 07.01.2022 9057 0 пікір

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! 

Әр азамат өз ойы мен ұсынысын тиісті мекемелерге жеткізуге құқылы. Кез келген мәселені шешудің шариғат пен заңда көрсетілген жолдары, тетіктері бар.

Халық өз талап-арыздарын басшыға жеткізу мақсатында бейбіт шеруге шығуына рұқсат. Алайда төмендегідей шарттар ескерілуі керек:

  1. Шариғатқа және заңға қайшы келмеуі;
  2. Балағат сөздер мен жалған ұрандар айтылмауы;
  3. Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын бұзатын арандатушылыққа, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке жол берілмеуі;
  4. Негізгі талаптарынан, алғашқы мақсаттарынан ауытқымауы;
  5. Сыртқы және ішкі арандатушы күштердің ықпалына еріп кетпеуі;
  6. Адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеуі;
  7. Мемлекет пен жеке тұлғалардың жылжыйтын және жылжымайтын мүліктеріне зиян келтірмеуі (жағу, сындыру, тонау т.б.).

Егер шеруге шығудың соңы бүлікке, арандатушылыққа алып барса, ондай шеруге шығу – үлкен күнә, харам. Алла Тағала Құранда былай дейді:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр іс»[1].

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Фитна (бүлік шығару) – ұйықтап жатқан нәрсе, оны оятқанға Алла қарғыс атсын», – деген.

Өйткені бүліктің соңы жақсылыққа алып бармайды. Мұндай бүліктер елдің тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын бұзады. Алла Тағала Құранда:

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا قَرْيَةً كَانَتْ آمِنَةً مُّطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَدًا مِّن كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Алла сендерге бейбітшілікте өмір сүріп отырған бір кентті мысал берді. Оған әр тараптан мол ризық келуші еді. Ақырында, Алланың нығметіне қарсы келді (яғни, бейбітшілік пен ризық-несібеге, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сондықтан Алла оларға (теріс) қылықтарының салдарынан ашаршылық пен қауіп-қатердің тонын кидіріп, жапа шектірді» [2].

Сонымен қатар, бүліктің салдары қоғамға, мемлекет экономикасына кері әсерін тигізеді. Зардабын мемлекет пен халық тартады. Ал мұсылман адам қоғамға зиянын емес, пайдасын тигізуі керек.

 

Үкім:

  1. Елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау және арандатушылыққа жол бермеу баршаға міндет.
  2. Шариғатқа және заңға қайшы келмейтін бейбіт шеруге рұқсат етіледі. Алайда төмендегі шарттар орындалуы тиіс:
  • Шариғатқа және заңға қайшы келмеуі;
  • Балағат сөздер мен жалған ұрандар айтылмауы;
  • Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын бұзатын арандатушылыққа, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке жол берілмеуі;
  • Негізгі талаптарынан, алғашқы мақсаттарынан ауытқымауы;
  • Сыртқы және ішкі арандатушы күштердің ықпалына еріп кетпеуі;
  • Адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеуі;
  • Мемлекет пен жеке тұлғалардың жылжыйтын және жылжымайтын мүліктеріне зиян келтірмеуі (жағу, сындыру, тонау т.б.).
  1. Шерудің соңы бүлікке, арандатуға алып барса, ондай шеруге шығу – үлкен күнә, харам.

 

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІ

 

[1] «Бақара» сүресі, 191-аят.

[2] «Нахыл» сүресі, 112-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру