Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«МЕДРЕСЕ ҰСТАЗЫ» ДЕП ТАРАҒАН АҚПАРАТҚА ҚАТЫСТЫ ҚМДБ МӘЛІМДЕМЕСІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 20.10.2020 7073 1 пікір

Жақында КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасының «Талақкер 2020» атты көрсетілімінде Нұргүл Сейтмахамбет есімді келіншектің намысы мен абыройы қорланғаны туралы басынан кешкен оқиғасы жарыққа шықты.

Нұргүл Сейтмахамбет өздерін дінтанушы және медресе ұстаздары деп таныстырған бұрынғы күйеуі Есей Сәлімбай Амангелдіұлы мен оның әкесі Амангелді Шораұлынан көрген қорлығын және зардабын ашып айтты.

Аталған бағдарламада Есей Сәлімбай Амангелдіұлы Шымкент қаласының «Тассай» медресесінің ұстазы және Сарыағаштағы медресенің қызметкері деп көрсетілген.

Ал Есей Сәлімбайдың әкесі Амангелді Шораұлы, яғни, Нұргүл Сейтмахамбеттің бұрынғы қайын атасы Шымкенттегі танымал молда әрі «Қамар» мекемесінің директоры және республикалық қайырымдылық мекемелердің төрағасы деп көрсетілген.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдейді:

Н.Сейтмахамбетке талақ берген Есей Сәлімбай Амангелдіұлы мен оның әкесі Амангелді Шораұлының Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ешқандай қатысы жоқ, ҚМДБ штатында қызмет атқармайды және оларды медресе ұстаздары деп айтуға негіз жоқ.

Аталған бағдарламада айтылған Шымкент қаласындағы «Қамар» және «Тассай» мекемелері «Алшаң Жібек жолы» қайырымдылық қорлардың ассоциациясына қарасты және оларды медресе деп атау негізсіз. 

Сондай-ақ, ҚМДБ қарасты «Сарыағаш» медресе-колледжінде Есей Сәлімбай Амангелдіұлы есімді тұлға қызмет атқармаған.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми оқу орындарына қатыстылығы жоқ мекемелердің қызметкерлерін ҚМДБ медресе ұстаздары деп қабылдамауды сұраймыз.

Мүфтият жүйесіндегі ресми медреселерге және ҚМДБ штатында қызмет атқаратын ұстаздардың абыройына негізсіз күмән туғызатын мәліметтерге сүйеніп, Мүфтият қызметкерлеріне қатысты шындыққа сай емес қауесеттерге жол беру ақиқатқа қайшы.        

 Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Хасан Шора | 03.12.2020 12:06

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфті Наурызбай қажы Тағанұлына

 

 

Құрметті, Наурызбай қажы Тағанұлы!

20.10.2020 ж.  ҚМДБ баспасөзі, КТК телеарнасының 18.10.20 ж. «Астарлы ақиқат» бағдарламасының «Талақкер» атты ток-шоу көрінісіне байланысты, балам Есей Сәлімбай мен менің атыма мәлімдеме жасады. Ертесіне мен, осы мәлімдеме бойынша Сізбен ватсап және телефон арқылы ауыз-екі хабарластым. Сіз айттыңыз:

          - Бұл мәлімдемеден менің хабарым болмады. Мен жұмыста жоқ кезде шығарып жіберіпті. Мен сізді түсінемін, өкінішті жағдай болған екен, дедіңіз. Сіз бен біз, негізсіз монтаждалған  КТК ның шоу көріністеріне бұдан былай мұқият болуға келістік.

          Енді міне, 17.11.20 ж сіздің найыбыңыз Е. Оңғаров мырза «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығына хат жолдап, ішіне сол мәлімдемені де қосып жіберіпті. Сонда, Сәлімбайдың отбасылық мәселесінің, өзі онда жұмыс істемейтін қауымдастыққа қандай қатысы бар?

          Біріншіден, мәлімдемеде атап көрсеткендей «Мен, молдамын»,  ал -      балам Сәлімбай болса, «Мен, Сарыағаш медресесінің ұстазымын» деп, ешкімге өзімізді таныстырмадық. Бұл жалған ақпарат. Біз ол шоу-көрініске қатыспадық та. Рас, бұрын мен де, Сәлімбай да, қайырымдылық мекемелерде қызмет істегенбіз. Қазір мен зейнеткермін, Сәлімбай басқа бір ЖШ серіктестікте жұмыс істейді.

          Екіншіден, сіздерге ұнамай қалған «Молда» және «Сарыағаш медресесінің ұстазы» деген сөздерді, шоу көріністі жүргізіп тұрған Дина Төлепбергенқызы мен біздің экс-келініміз Нұргүл Сейтмахамбетқызы  айтты. Бұл екі сөзді олар, діни сауатсыздығынан ба, әлде атауларды әдейі ауыстырып арандату мақсатында айтты ма, ол жағын сол екі азаматшадан талап етіңіздер.  

          Үшіншіден, сол шоу көрініске  ресми қатысып, шариғатпен пәтуа беріп отырған, Алматыдағы «Бекет ата» мешітінің имамы Мәди Алатау мырзадан сұраңыздар,  ҚМДБ ның имамы есебінде сол екі сөзді жөндеп жібермегенін.

          Төртіншіден, мәлімдемеде Нұргүл келін «қорланды» депсіздер. Сонда  муфтият толық сенімді ме, Нұргүлдің қорланғанына?

          Муфтияттың баспасөзі сол шоуды күтіп отырғандай ертесіне шұғыл түрде біржақтамай мәлімдеме жасап, әлеуметтік желіден таратып жіберді.

Анықтама ретінде айтарым:

          Жиырма жылға жуық мен қайырымдылық мекемелердің қызметкері есебінде, ҚМДБмен және оның өкілдіктерімен жақсы қарым-қатынаста болып, еліміздегі жастарды имандылыққа тәрбиелеуде нәтижелі қызметтер атқарып, дін ғалымдары мен қоғамның көңілінен шығып, ата-аналардың алғысына бөленген жайымыз бар еді.  ҚМДБ өзінің газет-журналдарында менің мақалаларымды тұрақты жариялап, жеке өзіме де алғыс-құрметтерін жақсы көрсетті. Алла разы болсын!

          Муфтияттың ұсынысымен 2012 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Имандылық иірімдері» деген айдармен, Ержан қажы Малғажыұлы және Парламент депутаты Мұрат Әбенов мырза  қатысқан сұхбат өтті. Сол телекөріністе менің  отбасымды,  үйлесімді отбасы деп көрсетіп, елге үлгі еткен еді.

          Елге үлгі болған сол отбасымызға бес жыл бұрын сіздер «қорланды» деп санап отырған Нұргүл келін болып түсті, ата-анасының келісімімен. Біз бір ауылдың тұрғындары едік. Сонда, бес жылда сол Нұргүлге мен өзім «сен» деп сөйлемеппін, тек «қарағым» дегеннен басқа. Ол да мені алтын ата деп атап  келді. Әрине, келіннің де мінезі болды. Күйеуінің рұқсатынсыз үш-төрт күнге, кейде одан да көп күнге үйден кетіп қалып, қайтып келетін. Сондай кездерде отбасымды сабырға шақырып, сыртқа сөз шығармайтынбыз, ағайын туыстардан ұят болар, «келінін сыйдырмай жіберіпті» деп айта ма деп. Оның үстіне немерелі болдық. Келіннің маңдайынан ешкімге шерттірмедім. Мәлімдемеде көрсеткендеріңіздей, Нұргүл келін үйде ешқандай қорлық көрген жоқ. Қайта келіннің сол жүрісіне намыстансақ та, үндемей, дыбыс шығармай біз қиналдық.

Мінезіміз келіспеді деген мотивпен, Нұргүл өзі арыз беріп, айқай-шусыз біржарым жыл бұрын некесін бұзып ажырасты. Енді міне, бойдақ жүрген Сәлімбайды үйлендіреміз дегенді естіп, Нұргүл ашулы күймен, аяқ-астынан, жедел түрде КТК телеарнасынан ток-шоу жасады.

КТК журналисі «Бағдарламаға келмесеңіздер, шындықтан қашқан боласыздар» деп қоймаған соң, әйелім мен екінші келінім Үрзада барып шындықты айтып еді, шындықтары далада қалды. Журналистің құйтырқы сұрақтары бәрін жаңлыстырып, монтаждалып бір айдан соң көрініске шықты.

Бір сөзінде журналист Дина ханым Сәлімбайды «дүмше молда» деп те атап жіберді. Сол Сәлімбайдың он жылдай оқып жетіліп,  «Нахиф», «Қудури», « Дүрер», «Тәлхис» сияқты кітаптарды бітіріп,  ұстаздық  дәрежесі бар екенін мүфті Хазіреті,  Сіз бен біз білеміз. Ал оны діни сауаты жоқ Дина ханым қайдан білсін, ойына келді, «дүмше» деп айта салды. Оған өкпелегенде не пайда.

Сондай-ақ,  Дина ханым бізге түсініксіз «Талақкер» деген атпен шоуды жүргізіп тұрып, «Қайын атасы келініне талақ беріпті. Бұл қалай.?» деп, көрермендерге көлденең сұрақ берді. (Бұл сұрақ фейсбукте де жүр) Ұлттық намысты таптайтын, шариғатқа қайшы келетін осындай оспадарсыз,  бұзық сұрақ қойғаны үшін, ертесіне сол шоу-көріністі  талқылаған муфтият, бірінші кезекте мәлімдемені бізге емес, неге Дина ханымға жолдамады, о заманда, бұ заман, қайын атасы келініне талақ береді ме екен, бұл не сұмдық? деп.

Қорыта келгенде:

  1. Жетпіс жастағы маған батып отырғаны, ҚМДБ мені бұрыннан біле отырып,  отбасылық мәселенің анық-қанығына жетпей, КТК ның шоу-көрінісіне сүйеніп, жедел түрде мен туралы әлеуметтік желіде теріс пікір қалыптастыруға асыққаны. Бір ауыз тілдеспестен.

      2.Нұргүл келінге сөз келтірмей алтын ата аталып келгенде, оның «қорланғанына» муфтияттың зерттеген айғағы бар ма? Екі жастың отбасылық мәселесін жарастыру емес, ушықтыру мақсатында әлеуметтік желіде жариялауға болады ма?

     3.Журналист Динаның әдейі кекетіп, менің сыртымнан «молда» деп айтқанын себеп қылып, муфтияттың мәлімдеме жасауын қалай түсінуге болады?

     4.Екі жастың мінездері келіспей, сотпен заңды ажырасып кеткендеріне біржарым жылдан кейін, әкесі мені жарнамалап, ар-ожданыма, абыройыма нұқсан келтіруге ҚМДБ ның заңдық, яки, этикалық құқы бар ма?

      5.Жиырма жыл сыйласып, тыныш жатқан зейнеткер мені, ҚМДБ ның негізсіз қаралауының астарында не жатыр? Бұрынғы менің атқарып кеткен  қызметтерімді тізбелеп, жар салудағы мақсат не? Түсініксіз.

Иә, Наурызбай қажы Тағанұлы, өзіңіз бұдан бір ай бұрын айтқаныздай өкінішті жағдай әрине. Бәлкім шариғат бойынша жалған жабылған жалаға сабырлылық танытсақ, күнәміз төгілер. Алла абыройдан айырмасын!

  Құрметпен,                                                                                                                                                  Зейнеткер – Аманкелді Есей

                                         27 қараша 2020 жыл

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі