Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ АСАБАЛАРМЕН РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 18.11.2026 54 0 пікір
БАС МҮФТИ АСАБАЛАРМЕН РУХАНИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ислам және адал қоғам» жылы аясында Астана қаласының асабаларымен «Той – бабалар дәстүрі мен тағылымы» атты рухани кездесу өткізді.

Мүфтият ғимаратында ұйымдастырылған басқосуға Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист, диктор Зейін Әліпбек, той жүргізушілері мен ҚМДБ қызметкерлері қатысты.

Жиында соңғы жылдары қоғамда көрініс тапқан тойдағы артық шығын, өзара бәсеке, орынсыз ысырап, аста төк тамақ, бейәдеп ойындар секілді ауқымды мәселер талқыланды.

Бас мүфти кездесуде еліміз ежелден қуанышын ағайын-туысқа бөлісіп, той жасайтын халық екенін алайда қазіргі кезде той тойлау мәдениеті жарысқа, мақтанға айналып бара жатқанын жеткізді.

«Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда ең алдымен ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген. Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған.

Той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, дін мен дәстүр құндылықтарын бойына сіңіретін маңызды сәттің бірі. Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу барысында келген меймандар да өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

















Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру