Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҒЫЛЫМ ОРДАСЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙМЕН ТАНЫСТЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 09.06.2026 235 0 пікір
ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ҒЫЛЫМ ОРДАСЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жасаған іссапары аясында Ғылым ордасында орналасқан мұражай қорларымен танысты.

Ғылым ордасында ислам мәдениетінің құнды мұралары сақталған арнайы көрме ұйымдастырылған. Көрмеде араб, түрік, татар, шағатай, парсы және өзбек тілдерінде жазылған сирек қолжазбалар қойылған. Мұражай қызметкерлері жәдігерлердің тарихы мен маңызы жөнінде кеңінен мәлімет берді.

Бас мүфти Ғылым ордасының құрамындағы Табиғат музейі мен Археология мұражайын, сондай-ақ сирек кездесетін кітаптар музейі мен Қазақстан ғылымының тарихы мұражайын  аралап көрді.

Аталған мекемеде музей жәдігерлері мен коллекцияларын сақтау, зерттеу және көпшілікке таныстыру, ғылыми-тарихи және мәдени мұраны насихаттау, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту жұмыстарын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Кездесу барысында Бас мүфти көне мұраларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген мұражай қызметкерлеріне алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс пен береке тіледі.Сонымен қатар Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан аумағындағы археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көне дәуір жәдігерлерін сақтап, зерттеумен айналысатын Археология мұражайын да тамашалады.

Мұражай қорында қазақ жерін мекендеген ежелгі тайпалар мен халықтардың мәдени даму деңгейін, олардың әлемдік өркениет қазынасына қосқан үлесін айғақтайтын көптеген құнды ескерткіштер сақталған.

Экспозициялар төрт ірі бөлімнен тұрады. Олар: алғашқы қауымдық қоғам және оның ыдырауы кезеңі, Андрон мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті, ерте темір дәуірі (б.з.б. VIII ғасыр – б.з. V ғасыр), сондай-ақ орта ғасырлар кезеңінің ескерткіштері.

Мұнда ортағасырлық Тараз, Алмалы, Талғар, Ақтөбе және Баба ата қалаларында жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде табылған қыш ыдыстар, шыны және мыс бұйымдар, сондай-ақ қолданбалы өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылған.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру