Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТТЕ ТАРАУИХ НАМАЗЫНДА НАСИХАТ АЙТТЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 09.03.2026 823 0 пікір
БАС МҮФТИ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТТЕ ТАРАУИХ НАМАЗЫНДА НАСИХАТ АЙТТЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде тарауық намазына қатысып, жамағатқа насихат айтты.  

«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Туысқандық қарым-қатынасты жалғаушы адам, (ол – оған қандай қарым-қатынас жасаса) тура солай ғана жауап беретін адам емес. Шындығында, туысқандық қарым-қатынасты жалғаушы – ол туыстарының онымен қарым-қатынасын үзгеніне қарамастан, олармен араласуын үзбейтін адам!» – деген.

Асыл дініміз мұсылмандарға туыстармен әркез байланыста болуға бұйырып, туыстық қатынасты үзуден сақтандырған. Хадисте келген «Әл-уасил» (الْوَاصِلُ) мен «әл-мукафи» (المكافى) сөздері туыстық байланыстың түрін сипаттайтын сөздер. Адамды туыстық қатынасты сақтауы мен үзуіне байланысты үш түрлі болады:

Бірінші: «Әл-қатиғу» (القاطع): Туыстық қатынасты үзіп қойған адам. Олар қатынас жасаса да, олармен қарым-қатынас жасаспайды, қал-жағдай сұраспайды, араласпайды.

Екінші: «Әл-мукафи» (المكافى): Туыстардың арасында өзімен байланыста болғандарымен ғана байланыста болады. Өзіне көмек қолын созғандарға ғана көмек қолын созады.

Үшінші: «Әл-уасил» (الْوَاصِلُ): Туыстық қатынасты сақтайтын, оларға жақсылық жасайтын адам. Ол туыстары байланысты үзіп қойса да оны жалғастырады. Оларға көмек, сыйлық берсе, қарымта көмек күтпейді. Жақсылықта санаспайтын адам. Туыстық қатынасты жалғауға: оларға жақсылық жасау, қиындықта болса қасынан табылып, жәрдемдесу, зиярат жасап тұру, мұқтаждарына көмектесу сияқты істер жатады»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Тарауық намазынан кейін жамағатпен бірге еліміздің амандығы мен тыныштығы, халқымыздың бірлігі мен берекесі үшін дұға жасалды.









Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру