Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Бас мүфти Діни басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы: толық адам және адал қоғам» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция қатысып баяндама жасады.
«Ислам адамды тек Алла алдында ғана емес, қоғам алдында да жауапты болуға тәрбиелейді. Әрбір іс-әрекетіміз үшін есеп беретінімізге сену – адалдықтың ең биік көрінісі. Қазіргі заманда бүкіл адамзат алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – әділетсіздікпен күресіп, адал қоғам құру.
Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы киелі Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда қоғамда әділеттілік орнатудың, адал азаматтарды тәрбиелеудің маңызына айрықша тоқталып, былай деген еді: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады.
Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі», – деген.
Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс».
Президентіміздің бұл бастамасы дін қызметкерлеріне де үлкен жауапкершілік жүктейді.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни-ағартушылық қызметті жүйелеу мақсатында әр жылға мазмұндық атау беріп келеді.
Осыған орай біз биылғы 2026-шы жыл атауын «Ислам және адал қоғам» жылы деп жарияладық. Бұл бастама қоғам өмірінің барлық саласында адалдық қағидаттарын жүйелі түрде орнықтыруды көздейді. Адал еңбек мәдениетін қалыптастыру, әділеттілік пен жауапкершілікті күшейту, аманатқа қиянат жасамау және қоғамдық сенімді нығайту – жылдың басты басымдықтары болмақ. Бұл – әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам деп санаймын.
Адам заң алдында ғана емес, ар-ұяты мен Жаратушы алдында да жауапты екенін сезінеді. Бұл – қоғамда тәртіп пен сенімді қамтамасыз ететін ішкі рухани бақылау жүйесі.
Қорытындылай келе, адал қоғам – бір реттік науқанның нәтижесі емес, жүйелі тәрбие мен тұрақты рухани жауапкершілікке негізделген ұзақ мерзімді үдеріс. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026-шы жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялауы – осы үдерісті жүйелі түрде нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама Ясауи бабамыздың мұрасындағы «Инсан әл-камил», яғни «Толық адам» ілімін қазіргі қоғаммен сабақтастыра отырып, ел ішінде адалдық мәдениетін орнықтыруға нақты үлес қосады деп сенеміз», – деді Бас мүфти.



ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
16.01.2026
1477
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру