Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» ЖЫЛЫ АЯСЫНДА ТҮРКІСТАНДЫҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyatkz 16.01.2026 1183 0 пікір
«ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАЛ ҚОҒАМ» ЖЫЛЫ АЯСЫНДА ТҮРКІСТАНДЫҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ислам және адал қоғам» жылы аясында облыстың зиялы қауым өкілдерімен «Рухани құндылық және адал қоғам» тақырыбында кездесу өткізді.

Жиын барысында Бас мүфти қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтудың, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтырудың маңыздылығына тоқталып, дін мен дәстүр сабақтастығының ел бірлігін бекемдеудегі рөліне назар аударды.

«Сіздермен киелі Түркістан шаһарында жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. 14 қаңтарда еліміздегі дін қызметкерлеріне жыл сайынғы дәстүрлі Бағдарлық баяндамамды ұсындым. Еліміздің әр аймағынан келген қала және облыс бас имамдары бас қосқан жиында биылғы жылды діни қызмет аясында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар Бағдарлық баяндамада 2026 жылы негізгі төрт бағыттағы жұмыстарға, атап айтқанда: ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр және отбасы, жат діни ағымдардан сақтандыру бағытындағы іс-шараларға басымдық беретінімізді жеткіздік.

Асыл дініміз мұсылманға тек құлшылық жасауды ғана бұйырмайды. Ислам – шариғатқа сай толыққанды өмір сүру салтын қамтитын кемел дін. Қасиетті Құран мен сүннетте адалдық, шыншылдық, әділдік, аманатқа берік болу секілді құндылықтар ерекше орын алатынын білесіздер»,- деді Бас мүфти.

Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері өз ой-пікірлерін білдіріп, рухани тәрбие, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және адал қоғам қалыптастыру бағытында ұсыныстарын ортаға салды.














Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру