Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласының «Түркістан-Қожа Ахмет Ясауи» орталық мешітінде жұма уағызын айтты.
Жамағатқа «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» тақырыбында насихат айтқан Бас мүфти: «Адам баласы дүниеге әлсіз болып келіп, жастық шақта бойына күш-қуат бітіп, қартайғанда қайтадан әлсіреп, өзгелердің жәрдеміне мұқтаж болып қалады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ол сондай Алла! Сендерді әлсіз етіп жаратты, одан соң әлсіздіктен қуаттандырып, күшейтті. Одан соң күштіліктен әлсіретіп кәрілік берді. Алла нені қаласа, соны жаратады, Ол шексіз білім иесі, теңдессіз құдірет иесі», – деп айтқан («Рум» сүресі, 54-аят).
Өмір алма-кезек. Кімде-кім бойында күш жігер бар уақытында, яғни жастық шақта үлкендерді сыйлап, құрмет көрсетсе, ертең қартайғанда жасаған қызметі алдына шығады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бір жас адам жасы үлкенді құрметтейтін болса, қартайған уақытында Алла Тағала оны да құрметтейтін біреуді жібереді», – деген (имам Тирмизи).
Қазақ халқы: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» немесе «Қарты бар елдің қазынасы бар» деу арқылы үлкен адамның қадір-қасиетін бағалап, сыйлап, құрмет көрсетуді насихат еткен» деді.
Жұма назынан кейін ҚМДБ Төрағасы жамағатпен бірге ел игілігі үшін арнайы дұға жасады.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
27.09.2024
2203
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру