Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҰМРА РӘСІМІН ЖАСАУҒА ЖОЛ АШЫЛДЫ

ҚМДБ Қажылық бөлімі muftyat.kz 02.12.2021 3400 0 пікір
ҰМРА РӘСІМІН ЖАСАУҒА ЖОЛ АШЫЛДЫ

2021 жылдың тамыз айынан бастап әлемде жұқпалы індеттің қаупі сейіліп, күллі мұсылман қауымы сағына күткен қасиетті мекен – Мекке мен Мәдинаға бара бастады.

Сауд Арабия Корольдігі қажылық және ұмра құлшылығын жасау мақсатында келетін шетел азаматтарына САК Денсаулық сақтау министрлігі ресми бекіткен (Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson&Johnson және Moderna) вакциналарының бірі егілуін басты талап етіп қойды. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман жамағатына пандемия кезінде кіші қажылық жасауға асықпауға, жағдай тұрақталып, САК ресми бекіткен вакциналардың бірі елімізге келгеннен кейін ғана жолға қамдануға кеңес берген болатын.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Pfizer компаниясы арасындағы келісімге сай, аталмыш вакцина елімізге жеткізіліп, қазақстандықтарға салына бастады. Екпенің елімізге келуі мұсылман жамағатын қуантып отыр. Денсаулық сақтау министрінің мәлімдемесінде Pfizer вакцинасын шетелге сапарға шығатын азаматтар ақылы түрде салдыруына болатыны хабарланды. Сонымен қатар жуық арада вакцинаның бағасы мен оны салатын орындар шешіліп, Pfizer вакцинасының тапшылығы туындамайтыны айтылған.

Енді дәрігерлердің кеңесімен Pfizer вакцинасын қабылдаған кез-келген азамат, сенімді деп табылған қажылық компанияларының бірімен заңды жолмен ұмра қажылығын атқарып қайтуына болады.

Қазіргі уақытта кіші қажылық өтеуге ниет еткен жандардың қатары көбеюде. Мекке мен Мәдина қаласындағы мешіттерде күніне бірнеше рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қажылардың қауіпсіздігі басты назарға алынуда.

Әлемдік індет салдарынан қажылық рәсімінің уақытша тоқтатылғаны белгілі. Миллиондаған мұсылман індеттен тезірек құтылып, қажылық пен ұмра рәсімдерін еркін атқаратын күнге жетуді Алладан жалбарына сұрады. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұмра және қажылық парызын өтеуге ниет білдірген азаматтарға төмендегі ескертулерді қаперге салады:

Біріншіден, Сауд Арабиясының ел және шетел азаматтарын індеттен сақтандыру мақсатында бекітілген екпенің бірін салдыру талабын орындау маңызды. Өйткені бұл талап алдымен азаматтардың өз денсаулығы үшін қажет. Денсаулық – Алланың пендеге берген ең үлкен нығметі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын» («Ниса» сүресі, 102-аят) деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Деннің саулығы – ең үлкен нығмет» деген. Демек әр адам Алланың берген байлығы – денсаулығына жіті мән беріп, өзін қорғауы қажет. Қажылыққа рұқсат берілгенмен, түрлі жолмен, түрлі әдіспен екпе құжатын жасатуға рұқсат берілмейді. Мұндай іс ең әуелі адамның өз денсаулығына қауіпті. Осы ретте түрлі айла-әрекетпен қажылыққа қатысты құжат рәсімдемеу қажеттігін баса айтып кеткіміз келеді. Қажылық пен ұмраны өтеу – кез келген мұсылманға нәсіп бола бермейтін ғибадат түрі. Нәсіп болған кісі – Алла Тағаланың құрметті қонағы. Сол себепті оны өтеу жолы да тазалық пен туралыққа негізделуі тиіс. 

Екіншіден, ұмра өтеушілер екпенің жалған құжатымен ұсталған жағдайда шетелдік азаматтар үшін айыппұлдар белгіленгенін жеткіземіз. «Arab News» газетінде жарық көрген мақалада: «Сауд Арабиясы ұмра рәсімдерінің талаптарын бұзған қажыларға 10 мың риал (2667 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынатыын мәлім етеді» деп жазылған. Сондықтан ұмра рәсімдерін атқару кезінде белгіленген талаптарды түсіністікпен қабылдап, құлшылық орындау барысында ыждаһаттылық танытуға шақырамыз.

Адамзат баласының індеттен тезірек құтылып, қажылық пен ұмра рәсімдерін емін-еркін атқаратын күнге жетуді Алла бізге нәсіп етсін! Әмин!

 

ҚМДБ Қажылық бөлімі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру