Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРБАН-2020 ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ҚМДБ 81 301 ЖАНҰЯҒА ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІН ҮЛЕСТІРДІ (ФОТО)

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 03.08.2020 6548 0 пікір
ҚҰРБАН-2020 ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ҚМДБ 81 301 ЖАНҰЯҒА ҚҰРБАНДЫҚ ЕТІН ҮЛЕСТІРДІ (ФОТО)

Мұсылман мерекесі құлшылық пен қайырымдылықтан басталады. Ұлық мейрам – Құрбан айтта жағдайы бар адамға міндет болған негізгі амал – құрбан шалып, оны мұқтаж отбасыға тарату, осылайша жабырқаған жандарды мерекелік қуанышқа бөлеу. Бұл амал адам баласының қанағатшылдық, жомарттық, мейірбандық, т.б. сынды адамдық қасиеттерін арттырады.           

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғам алдындағы қайырымдылық қызметін жандандыра түсу мақсатында және еліміздегі эпидемиологиялық жағдай кезінде мұсылмандық міндетті кедергісіз атқаруға оңтайлы ұсыныс ретінде www.qurban2020.kz жобасын іске қосты.

Санитарлық талаптарды сақтай отырып, осы жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін әр аймақта жұмыс тобы құрылды. ҚМДБ өкілдігі жанынан құрылған жұмыс тобы тәулік бойы қызмет етті. Осы жобаға дін қызметкерлерімен қосқанда 3 924 ерікті, 872 көлік жұмылдырылды. Еліміз бойынша алдын ала белгіленген 35 стационарлық қасапханада 394 қасапшы жұмыс істеді. Ал әр өңірдегі орталықтандырылған жұмыс тобында 447 адам қызмет етті. Республика бойынша 25 сall-орталық qurban2020 жобасы бойынша тиісті кеңес пен ақпарат берумен айналысты.

Еліміз бойынша www.qurban2020.kz сайтына қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтардың уәкілдік құрбандығы толығымен орындалды.

Игі іске үлес қосқан еріктілер мен мешіт жамағатының белсенді жұмысының нәтижесінде 81 301 мұқтаж отбасыға құрбандық еті жетікізілді. Жер-жердегі қарттар, жетімдер, балалар үйлері мен ауруханаларда да қайырымдылық шаралары өткізілді. Мерекелік қуанышқа бөленген жандар айрықша алғыстарын айтуда.

Айта кетсек, ҚМДБ-ның аймақтағы өкілдері айттың бірінші күнінде (31.07.2020) көмекке зәру 30 715 отбасыға құрбандық етін үлестірді. Ал айттың екінші күнінде (01.08.2020) 27 741 жанұя мерекелік қуанышқа бөленді. Құрбан айттың үшінші күнінде (02.08.2020) 22 845 отбасыға ет таратылды. Жалпы алғанда, яғни барлық облысты қамтығанда Құрбан айттың үш күнінде 81 301 жанұяға ет жеткізілді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық шарасына белсенді атсалысқан азаматтарға, жергілікті әкімдік өкілдеріне, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына айрықша алғыс айтады.

Алла Тағала игі амалдың сауабын арттырып, өз құзыретінде қабылдыққа жазғай, жақсылығын жаудырғай. Көмек алған жандардың риясыз тілегі қабыл болғай. Әмин!

 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру