Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИДІҢ МЕШІТТЕРДІҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ ҮНДЕУІ

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 13.05.2020 14582 0 пікір

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

АСА ҚАМҚОР ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН БАСТАЙМЫН!

 

Құрметті бауырлар!

Қасиетті кітабымыз Құранда: «Расында, қиындықпен бірге жеңілдік бар. Алла сендерге жеңілдік қалайды», – делінген.

Міне, Аллаға шүкір, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, халқымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады.  

Алайда карантин режимінің талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет.

Қуанышты хабар 2020 жылдың 18 мамырынан бастап еліміздегі барлық мешіттеріміз арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады.

Осы уақыттан бастап мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болады.

Ал жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз.

Жеке құлшылық кезінде, Құран оқыту, неке қидыру рәсімі барысында карантин талаптарын қатаң ескерулеріңізді сұраймыз. Өзімізге қамқорлық – өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық.

 

Қадірлі қауым!

Биыл қасиетті Рамазан айының карантин жағдайында өтуі сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан 100 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалды.

Ауызашар асы тегін таратылды. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын!  

«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деп халқымыз айтқандай, игі амалдың сауабы еселініп, қайырын өздеріңіз көріңіздер деп тілеймін.

Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, мешіттерімізді жамағатқа толтырып, берекелі, мерекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

 

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ

БАРЛЫҚ МЕШІТТЕРІНДЕ АТҚАРЫЛАТЫН ІС-ШАРАЛАР

 

Мешіттерде жеке намаз оқуға қойылатын талаптар: 
  • Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) намаздар оқылмайды;
  • Мешітке жеке құлшылыққа келген ерлер мен әйелдер ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;
  • Намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, намаз оқып болған соң мешіттен бірден шығып кетуі тиіс;
  • Мешітке келетін адам санын діни ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмауы керек;
  • Мешітте қол алыспау керек;
  • Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою қажет;
  • Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет;
  • Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен жүруі керек;
  • Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намаздарын үйлерінде оқығаны абзал;
  • Мешіт дәретханаларын қолдану барысында арақашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;
  • Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
  • Мешітке кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс. 

 

Мешітте Құран оқытуға қатысты талаптар: 
  • Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізбеу;
  • Құран оқытуға келушілердің араларында 1,5 метр қашықтықтың сақталуы және келушілердің арнайы белгіленген орындарға отыруы;
  • Құран оқитын бөлмелерде имамдар және келушілердің міндетті түрде бетпердемен отыруы;
  • Гигиеналық талаптарға сәйкес бата жасау (бет сипау және т.б.);
  • Әр 3 сағат сайын Құран оқитын бөлмені желдетіп отыруы;
  • Құран оқитын бөлмеге кірмес бұрын антисептикалық құралдарды пайдалануы;
  • Құран оқитын бөлмеге кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

 

Неке бөлмелеріндегі іс-шараларға қатысты талаптар: 
  • Неке қиюға шариғат талаптарына сәйкес, неке бөлмесінде куәгерлерден басқа адамдар болмауы тиіс;
  • Неке қиюшылардың аралары 1,5 метр қашықтықты сақтау және арнайы белгіленген орындарға отыру;
  • Неке залдарында имамдардың және келушілердің бетперде және медициналық қолғаппен болу керек;
  • Неке қиып болған соң бірден мешіттен шығуы керек;
  • Неке қию бөлмесіне кіруден алдын антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
  • Әр 3 сағат сайын неке залдарын залалсыздандыру қажет.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі