Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Цифрлық даму бөлімінің ұйымдастыруымен IT мамандармен кездесу өтті.
Жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, Мүфтияттағы цифрлық бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып жүрген мамандарға алғыс айтып, азаматтардың кәсіби қолдауының маңызын атап өтті.
«Діни басқарма бірнеше жылдан бері цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында Цифрлық даму бөлімінің үйлестіруімен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып, қолданыстағы ақпараттық жүйелер жетілдірілді. Әрине, мұндай ауқымды жұмысты бір ғана бөлімнің күшімен атқару оңай емес. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында Діни басқарманың бірқатар маңызды цифрлық жобалары жүзеге асып, халыққа қызмет көрсетудің жаңа мүмкіндіктері қалыптасты», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бұдан кейін ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Орынханов Мүфтияттың цифрлық жобаларына қолдау көрсеткен мамандарды көпшілікке жақынырақ таныстырып, бөлімнің атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Бөлім меңгерушісінің айтуынша, соңғы үш жылда 18 цифрлық жоба іске асырылған. Олардың қатарында 3 мобильді қосымша, 3 веб-сайт пен платформа, 4 ішкі басқару жүйесі, 2 чат-бот және өзге де 6 цифрлық жоба бар.
Атап айтқанда, «MuftyatApp» мобильді қосымшасы, қажылық пен ұмра сапарына арналған «Qajy Guide» цифрлық көмекшісі, Ислам негіздерін үйрететін «Islam Quiz» танымдық қосымшасы, Рамазан кестесін бір жерден жүктеуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық сервис, діни сұрақтарға жауап беретін «MuftyatBot», құжат айналымын цифрландыруға арналған «E-Quzhat» платформасы және Құрбан айт рәсімін ұйымдастыруға арналған «eQurban» жобасы іске қосылған.
Сондай-ақ қажылықты ұйымдастыруға арналған «hajj.kz» ресми сайты, діни сұрақтар мен пәтуаларға арналған «fatua.kz» порталы, халыққа діни кеңес беретін 1511 тегін қысқа нөмір, мешіттердегі қайырымдылық төлемдерін қабылдауға арналған бірыңғай QR жобасы, «Үздік имам» білім сайысының платформасы және Қазақстан мешіттерінің электрондық картасы әзірленген.
Бұдан бөлек, Цифрлық даму бөлімі тағы 9 жаңа жобаны дайындап жатыр. Оның ішінде 4 веб-сайт пен платформа, 2 мобильді қосымша және өзге де 3 бағдарлама бар.
Кездесу соңында Діни басқарманың цифрлық жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсеткен IT мамандарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.























ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
26.11.2026
175
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру