Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БАС МҮФТИ ПАВЛОДАР ИМАМДАРЫНА ІЗГІ ТІЛЕГІН ЖОЛДАДЫ

www.muftyat.kz 05.11.2019 4215 0 пікір
БАС МҮФТИ ПАВЛОДАР ИМАМДАРЫНА ІЗГІ ТІЛЕГІН ЖОЛДАДЫ

Бүгін Павлодар қаласында «РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҚОҒАМ БІРЛІГІНІҢ НЕГІЗІ» атты ІІІ аймақтық имамдар форумы өтті. Форумда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың Павлодар имамдарына арналған құттықтау хаты оқылды.

Хатты ауқымды шараға арнайы келген ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев оқып берді.

«Қадірлі зиялы қауым! Дін саласындағы аға-бауырларым! Құрметті Кереку жұрты! Кереку жері – ежелден от ауызды, орақ тілді билерді, дәулескер шешендерді, болашақты айнытпай болжаған көсемдерді, жауынан бір қайтпаған батырларды, су жорға ақындарды, күміс көмей әншілерді әлдилеген өңір. Мәшһүр Жүсіп, Естай, Жаяу Мұса, Бұқар жырау, Сұлтанмахмұт... Керекуден шыққан әйгілі әнші, жыршы, ақындардың есімін осылайша жалғастыра беруге болады. 

Баршаңызға Алланың амандығы мен берекетін тілеймін! Сіздерге ізгі тілегім мен дұғай сәлемімді жолдаймын. Шынайы ниетпен жолдаған құттықтауымды қабыл алыңыздар!» – деп басталған екен құттықтау хат.

Бас мүфти Павлодар имамдарына арнаған құттықтау хатында аймақтық имамдар форумы елдің игілігі мен ізгілігі, бірлігі мен берекесі сынды ортақ мүддеге топтастырып, жақсылыққа жұмылдырып отырғаны айтылған.

«Бұл – 23 қазанда арқа төсінде, Елорда төрінде өткен ІІІ республикалық имамдар форумының Павлодар облысында жалғасын тапқан берекелі жиын. Аймақтық имамдар форумының сәтті өтуіне тілектестігімді білдіремін. Алла жар болсын!

Расында, тіршіліктің құлшылықсыз, ал құлшылықтың тіршіліксіз мәні де, мағынасы жоқ. Бұл - құстың қос қанаты іспетті егіз ұғым. Ал ізгілікке негізделмеген істің ілгері жүрмейтінін өмірдің өзі дәлелдеумен келеді. Осындайда әйгілі ойшыл Рудакидің ойға оралатын:

«Өмір – теңіз,

Жүзем онда демеңіз,

Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген сөзінде үлкен мән жатыр. Имандылық салтанат құрған қоғамда барша жақсылықтың есіктері ашылады. 

Ардақты ағайын! Болғанға болысып, бірлікке ұйысып, елдің ертеңі үшін қызмет ету - Сіз бен бізге үлкен аманат. Бұл игі бастаманы қолдап, ізгі істің басы-қасында болатындарыңызға сенемін. Алла разы болсын!», – делінген құттықтау хатта. 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру