Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Толеранттылық пен диалог – бейбітшілік және келісімнің жаңа архитектурасының негізі

www.muftyat.kz 15.10.2019 625 0 пікір
Толеранттылық пен диалог – бейбітшілік және келісімнің жаңа архитектурасының негізі

«Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» Басқарма Төрағасы А.Әбибуллаев Эр-Рияд қ. Бүкіләлемдік мұсылман лигасының Бас Хатшысы Мұхаммад бен Абдукарим әл-Иссамен кездесті.

Кездесу барысында Бүкіләлемдік мұсылман лигасының Басшысы Қазақстан Республикасы конфессиялық және ұлттық тұрғыдан көптүрлі бірегей мемлекет болып табылады деп атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру бастамасына ерекше алғысын білдіре отырып:

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті ядролық қарусыздандырудың жаһандық үрдісіне ауқымды үлес қосты. Әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде Н.Назарбаев барлық діндердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар және саяси қайраткерлер бас қосатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін шақырту бастамашысы болып табылады. Бұл жиын заманауи мәселелерді тиімді әрі жан-жақты шешуге ықпал ететін бірегей орын» – деді Мұхаммад бен Абдукарим әл-Исса.

Басқарма Төрағасы Бүкіләлемдік мұсылман лигасының басшысына әлемде дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі мен ұйым өкілдерінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерлерінің барлық алты Съезінің және Хатшылықтың жұмысына тұрақты қатысқаны үшін алғыс білдірді. Бүкіләлемдік мұсылман лигасы тарапынан берілген бастамалар мен ұсыныстар Съездің қорытынды құжаттарында көрініс тапқандығы ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында тараптар дінаралық толеранттылық пен диалогты алға жылжытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында өзге де халықаралық институттармен ынтымақтастық аясын кеңейтуге қатысты өз қызығушылықтарын білдірді. Өз кезегінде Орталық басшысы Бүкіләлемдік мұсылман лигасының басшысына Қазақстан Республикасы Парламент сенатының Төрағасы Д.Н.Назарбаеваның Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырту хатын табыстады.

Бүкіләлемдік мұсылман лигасы – 29 мемлекеттен ірі мұсылман қайраткерлерін біріктіретін ұйым, оның құрамына әлемнің түкпірінен 70 танымал ислам ғалымдары мен қайраткерлері кіреді. Аталған ұйымның штаб-пәтері Меккеде, ал бөлімшелері Медина, Эр-Рияд және Джидда қалаларында орналасқан. Ұйымның қызметі әлемде исламның адамгершілік құндылықтарын насихаттауға, мұсылман елдері арасында диалог пен бірлікті орнатуға, қоғамның әлеуеметтік қорғалмаған топтарына қайырымдылық көмек көрсетуге, сонымен қатар, мұсылмандарға қажетті ислами қоғамдық пікірді қалыптастыруға бағытталған. 


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі