Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Зекет» қайырымдылық қоры: АШЫҚТЫҚ СЕНІМГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

www.muftyat.kz 23.08.2019 8585 0 пікір
«Зекет» қайырымдылық қоры: АШЫҚТЫҚ СЕНІМГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Қаржылай ашықтық –  ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының басты принциптерінің бірі әрі халықтың сенімі мен қордың өркендеуінің кепілі. «Зекет» қоры қаржылай есебін әр кезең сайын ҚМДБ қарасты ресми сайттары мен әлеуметтік желілерде жариялап, халықты қор жұмыстарының нәтижесі жайында хабардар етіп отырады. Ашықтыққа басымдылық беріледі.

Осыған орай, «Зекет» қайырымдылық қоры 2019 жылдың І-ші жарты жылдық есебін жариялап отыр.

«2019 жылдың І-ші жарты жылдығы елімізде біздің қорға сенім артатын қайырымды жандардың саны артып келе жатқандығын көрсетті.Егер 2018 жылы «Зекет» қоры өңірлердегі өкілдіктерімен бірігіп, республика бойынша 288 миллион теңге мөлшерінде қайырымдылық көмек көрсеткен болса, биыл 2019 жылдың бірінші жарты жылдығының өзінде көрсеткіш 458 миллион теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде азық-түлік, киім-кешек және қаржылай көмек түрлері де бар. Сондай-ақ, жылдың басында біз зекет беру жүйесін оңтайландыру мақсатында қордың мобилді қосымшасын іске қостық. Қосымшада «зекетті есептеу», «зекет кітабы», «қор туралы», «біздің іс-шаралар», «онлайн садақа жасау», «мұқтаж жандар базасы» сынды басты мәзірлер арқылы қажетті кеңестер, ақпараттар мен мәліметтер алуға болады. Мақсатымыз – қайырымдылық көмек көрсетуге, зекет беруге ниет білдірген азаматтарға қолайлы мүмкіндік жасау. Қордың басты ұстанымы – шариғат талаптары бойынша садақа-зекет беру дәстүрін қалыптастыру, қаржылай ашықтықты, зекетті шариғи жолмен таратуда ашықтықты қамтамасыз ету», – деп атап өтті «Зекет» қорының директоры Талғат Сейіткәрімұлы Омаров.

Республика бойынша «Зекет» қорының 17 өкілдігі бар. Әр өкілдік жарты жылда атқарған жұмыстары мен қаржылай есебін тапсырып отырады.

Жалпы өңірлердегі мұқтаж отбасыларға қаржылай, азық-түлікпен, көмірмен, киім-кешекпен көмек көрсетуге, науқас балалардың ем-домына қол ұшын беруге және т.б. шығындарға 2019 жылғы І жарты жылдықта жалпы сомасы 458 110 421 тг көлемінде қаражат жұмсалды. Нақтылап айта кетсек, «Тайқазан» жобасы аясында 16 613 отбасыға 124 814 362 теңге мөлшерінде азық-түлікпен жәрдемберіліп, 3 771 отбасыға 34 615 850 теңге сомасында киім-кешек таратылды. Өңірлердегі жиналған зекеттің жалпы сомасы 102 785 428 теңге құрап, 7563 мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек ретінде таратылды.

Қыстың суық күндері баспаналарын жылытуға мүмкіндігі жоқ 148 мұқтаж отбасыға «Жылулық сыйла» акциясы аясында  2 054 000 теңге көлемінде көмірмен көмек көрсетілді.

Дүйім жұртты дүр сілкіндірген Арыс қаласында болған қайғылы оқиға «Зекет» өкілдерін де бей-жай қалдырмады. «Зекет» қоры өкілдіктерімен біріге отыра «Арысқа жылу» атты іс-шара барысында 2 миллион теңге көлемінде жәрдем берді.

Алланың дінін насихаттап, ата-баба салты мен діни білімді ұштастыра білген мешіт-медреселерге 17 571 854 теңге мөлшерінде көмек көрсетілді.

«Жетім көрсең жебей жүр» атты қордың тұрақты жобасы аясында І жарты жылдықта 8 578 200 теңге сомасында 702 балаға қуаныш сыйлады.

Қасиетті Рамазан айында республика бойынша әр өкілдік халыққа ауызашар мен сәресі дастархандарын жайды.

Ұлық мереке – Құрбан айтта – Қазақстан бойынша «Зекет» қоры арқылы 283 тоннаға жуық құрбандық еті 34 900 мұқтаж отбасыға және соқырлар қоғамдарына, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар үйлеріне таратылды.

«Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында «Зекет» қоры республика бойынша 120 баспананың кілтін мұқтаж отбасыларға табыстады.

Сондай-ақ, аталған жобалардан бөлек, қордың тұрақты «Мектепке жол», «Берекелі нан», «Алтын алқалы анаға тосын сый», «Үміт сыйла сәбиге» сияқты жобалары алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Төменде «Зекет» қайырымдылық қорының қаржылай есебінің диаграммасымен таныссаңыздар болады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру