Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау: Исатай ауданына жаңадан бас имам тағайындалды

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі amin.kz 31.07.2021 1261 0 пікір
Атырау: Исатай ауданына жаңадан бас имам тағайындалды

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Исатай ауданы жұртшылығына жаңа имамды таныстырды.

Жениш Сисенбаев Исатай ауданының Жамбай ауылындағы «Әйтеке би» мешіті имамы қызметінен босатылып, Исатай аудандық «Зинеден Құрасұлы» мешітінің бас имамы болып тағайындалды.

Жаңа имамды жамағатқа таныстырған бас имам Алтынбек Ұтысханұлы Жениш Сисенбаевқа үлкен міндеттер жүктеліп отырғанын айтты.

«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде дін, рухани салада үлкен бастамалар жүзеге асуда. Дінімізді, ділімізді, руханиятымызды, дәстүрімізді дәріптеуге арналған жобаларды жүзеге асыруда бірлескен еңбек керек. Мешіттеріміз жастарымыздың білімді, иманды болып өсуіне ықпал ететін руханият бесігі болуы тиіс. Осындай үлкен міндеттерді Жениш Құлбайұлының абыроймен атқарарына сенім білдіремін» деді облыс бас имамы. 

Бұған дейін Жениш Сисенбаев аталған аудандағы Жамбай ауылы, Әйтеке би мешітінде имам болып еңбек етіп келді. 

Сондай-ақ Алтынбек Ұтысханұлы сапар барысында Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасановпен кездесіп, оған жаңадан тағайындалған имам Жениш Сисенбаевты таныстырды.

Елдегі, облыстағы, аудандағы діни ахуал, діни кадрлар мәселесі талқыланған екі жақты кездесу барысында бас имам Алтынбек Ұтысханұлы ауданды діни мамандармен қамтамасыз ету, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін көтерді.

«Еліміздің бірлігі, қоғам тұрақтылығы жолында еңбек етіп жүрген имамдарымыздың алдында үлкен міндеттер тұр. Мүфтият тарапынан руханиятымызды, ділімізді, дінімізді дәріптеу жолында үлкен жобалар атқарылуда. Осы ретте, діни кадр мәселесі өзекті болып отырған Атырау өңірінде имамдарымызға қолдау қажет» деді бас имам.

Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов дін саласы мамандарына әлеуметтік қолдау көрсетілетінін айтты.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі