Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Қуғын-сүргін құрбандарының рухына Құран оқылды

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі 31.05.2020 2444 0 пікір
Маңғыстау: Қуғын-сүргін құрбандарының рухына Құран оқылды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Маңғыстаудың барлық мешіттерінде зұлмат жылдары жазықсыз жапа шеккендердің рухына Құран бағышталды. Имамдар ХХ ғасырдың басында талайдың жүрегін жаралап, жанын алған қаралы жылдарды еске түсіріп, қасиетті сүрелерді оқыды.

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Маңғыстау облысындағы бас имамы Әнуар Елжановтың айтуынша, барлық мешіттерде Құран оқылып, репрессия құрбандары еске түсірілген. Ал, Ақтау қаласының Бекет ата мешітінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарындағы қасірет-қайғының куәгерлерін тыңдап өскен Лепес қажы Исаев қонақта болып, тарихтан сыр шертті. 92 жастағы ақсақалдың ата-анасы да сол жылдары ауылдан асып, туған жерден жырақтаған.

- Ата-анам сол заманда киелі Маңғыстаудан көшіп,Түркменстанға жетіп, одан, Ауғанға асып, одан кейін қайтып, Өзбекстанды паналаған. 1928 жылы мен сол жерде өмірге келдім. Әкем де қуғын-сүргінге ұшырап, жастай қайтыс болды. Мен отбасында жалғыз бала болдым, көп қиындық көрдім. Аллаға шүкір, бүгінгі күнге жетіп, ол күндер тек тарих болып жадымда қалды,-дейді Лепес Исаев.

Ақтау мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев ақсақалдың тұшымды әңгімесіне алғыс айтып, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бері атап өтіледі. Тарих беттері КСРО республикаларында репрессияның 1928 жылдан басталғанын айтады. Алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалып, оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Әлихан Бөкейханов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Ілияс Жансүгіров, Мұхамеджан Тынышбаев сынды зиялылар ату жазасына кесілді. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 103 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы ату жазасына кесіліп, құрбан болған. Сондай-ақ, сол заманда Қазақстанға 1 миллион 500 мың адам түрлі елдерден жер аударылған.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру