Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БҚО: Бас имам халықаралық семинарға қатысты (ФОТО)

БҚО бойынша өкілдіктің баспасөз қызметі 02.03.2020 2886 0 пікір
БҚО: Бас имам халықаралық семинарға қатысты (ФОТО)

Жақында Орынбор қаласында Орынбор облыстық Үкіметінің қолдауымен, «Еуразия халықтарының достастығы» қоғамдық ұйымының, Аймақтық мұсылмандар діни басқармасының және Орынбор мемлекеттік университеті Оңтүстік Орал тарих және этнография ҒЗИ-ның мұрындық болуымен «Діни экстремизмнің трансшекаралық қатері: Ресейден көзқарас» атты халықаралық сарапшылар алаңы ұйымдастырылды.

Шараға ҚР Батыс Қазақстан облысының бас имамы Мұратбек Қыстаубаев, РФ Орынбор облысының мүфтиі Альфит Шәріпов, Ақтөбе облыстық мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов, т.б. дін қызметкерлері, ТМД Терроризмге қарсы орталығының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Орал қалаларынан (Қазақстан), Мәскеу, Қазан, Уфа, Орынбор, Саранск және Владиказваз қалаларынан (Ресей) келген экстремизмге қарсы күрес бойынша жетекші сарапшылар, жалпы саны 170-тен астам адам қатысты.

Орынбор облысы халықтары ассамблеясының президенті, Оңтүстік Орал тарих және этнография ҒЗИ директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Веналий Амелин құқық қорғау органдарының жедел ақпарат алмасуы, экстремистік қауымдастықтар қатысушыларымен, сотталған террористермен сұхбаттасу және оларды анкеталау, интернет-ресурстарды мониторингілеу негізінде сарапшылар экстремизмнің таралуындағы өзекті трендтерді анықтағанын, сондай-ақ, осы жаңа қатерлерге қарсы күрестудің тиімді де негізді әдістерін ұсынғанын айтты.

Мәселен, мамандар соңғы уақытта экстремистік насихат шынайы өмірден, тікелей қарым-қатынастан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің анонимді виртуалды кеңістігіне ауысып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге, экстремистік арбаушылар діни бағыттағы нақты топтар құрудан террористің әділдік үшін күрескер ретіндегі бүркеншік образын жасауға көшкен, олар көшедегі криминалды, жасөспірімдік романтикалық топтар, жастардың суицидалды парақшалары арқылы өз-өзін құрбан қылу идеяларын таратады, бұл билікті және қоғамды жек көру жағынан олардың бастарын қосатын жерлер. Экстремистер онлайн-казино ұйымдастыру, жалған интернет-дүкендер арқылы ақша жымқыру, банктік шоттарға қол жеткізу үшін логиндер мен парольдерді алуға мүмкіндік беретін фишингілік шабуылдар жасау жолымен қаражат көздерін табу мақсатында да дистанциялық технологияларға жүгінеді.

Таяу Шығыста ИШИМ талқандалғаннан кейін Қазақстан мен Ресей үшін сол жақта соғысқан экстремистердің өз елдеріне оралуы нәтижесінде «ұйқыдағы» топтардың құрылуы ортақ қауіп болып отыр. Бұл тұрғыда олардың қайтадан террористік ұйымдарға кету жолдарын жабу бойынша біріккен жұмыстар істелуі қажет. Осы жағынан Қазақстандағы экстремистерді елге қайтару және әлеуметтік жағынан оңалту бойынша жүргізілген «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесі айрықша.

Бірақ, мұнда да дерадикализациялау жұмыстары жеке, авторлық зерттеулерге негізделген, нақты жүйеленбеген, ғылыми, теориялық негізге алынбаған. Бұған Ресейдің Педагогика, психология және әлеуметтік проблемалар институтының мамандары бірінші қадам жасап, зерттеу нәтижесінде түрмелерде экстремистердің 3 психологиялық типін айқындап, оларды идеологиялық тұрғыда кері қайтару, әлеуметтендірудің 3 түрлі моделін жасады. Құқық қорғау органдарының, діни көшбасшылардың және ғалымдардың осындай жұмыстары, тәжірибесі, бірігіп тізе қосуы арқасында ғана қазіргі жаһандану жағдайларындағы экстремизмнің ортақ қатеріне тиімді қарсы күрес жүргізуге болады.

ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Мұратбек қажы Қыстаубаев жиналғандарға баяндама оқып, Орынбор облыстық орталық мешітінің жамағатына, медресе шәкірттеріне уағыз айтып, көпшіліктің сауалдарына жауап берді.

Сонымен бірге, халықаралық шарада сөз сөйлеу тізгініне ие болған «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов әріптестері орынборлық имамдарға Ақтөбе өңіріндегі имамдардың экстремизм және терроризммен күрес нәтижелерін айтып, бірнеше жылдық жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар имамның қоғамдағы статусын көтеруге шақырды. Имамдардың халықтың алдындағы жауапкершілігін сөз етіп, барша мұсылман қауым олардан үлгі алатынын айтып өтті. Сондай-ақ, ҚР радикалды ағыммен жұмыс нәтижелерінің бірсыпырасын сарапшылар алаңында мағлұмат ретінде айта кетті.

Теріс ағым өкілдерімен күрестің сапалы жүзеге асуы үшін алдымен діни кадрлардың білімін жетілдіру, төл тарихымыз бен ата дәстүрлерімізді тірілту керектігін басты назарға қойған наим имам ақтөбелік имамдардың білім деңгейінің соңғы жылда жоғарылағанын айтты. Жиын соңында елден барған делегация орынборлық қазақ имамдармен кездесті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру