Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Наиб мүфти облыс әкімімен кездесті

Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 19.11.2019 402 0 пікір
Наиб мүфти облыс әкімімен кездесті

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен жүздесті.

Кездесу барысында Ақтөбе өңіріндегі дін саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар жайы талқыланды. Аймақ басшысы ҚМДБ-ның және Ақтөбе облысындағы өкілдігінің тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген түрдегі және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бағытындағы зор үлесі үшін алғыс білдірді.

«Имамдарға жалақы төлеу мәселесі жергілікті атқарушы органдар тарапынан және демеушілерді тарту арқылы шешімін табуда. Жаһандық деңгейде қалыптасқан діни ахуалға байланысты имамдардың қоғамдағы рөлі және олардың беделін арттыру бағытындағы жұмыстар бей-жай қалмай, оларды тұрақты біріздендірілген жалақымен, қызметтік үй-жайлармен қамту және т.б. әлеуметтік қолдаулар бойынша өзінің тиісті жалғасын табады» деп атап өтті Оңдасын Сейілұлы.

Өз кезегінде Наурызбай Өтпенов Ақтөбеде өткен ІІІ аймақтық имамдар форумында көтерілген мәселелерді айтып өтті. Және шараның әкімдік тарапынан жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс білдірді.

Айтып өтейік, облыс бойынша 110 діни қызметкермен қамтамасыз етілген 69 мешіт қызмет етуде. Ақтөбе қаласында 2 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Ал дін саласындағы болашақ кадрларды дайындау көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда, жоғары және арнаулы орта діни білімді мешіт қызметкерлерінің үлесі 30%-ға артып, 80%-ды құрады. Нұр-Мүбарак университетінде білім алу үшін облыс әкімінің 10 гранты тағайындалды. Сонымен бірге бюджеттен тыс қаражат көздері арқылы аталған ЖОО-дағы ақылы негізде білім алып жатқан 5 ақтөбелік студенттің оқу ақысына қолдау көрсетілген.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі