Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚТӨБЕ: Байқау жеңімпаздары марапатталды

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 20.12.2018 3166 0 пікір
АҚТӨБЕ: Байқау жеңімпаздары марапатталды

Облыс аумағында бастау алған «Дін. Дәстүр. Руханият» атты көшпелі конференция тағы да бір танымдық, тәрбиелік шарамен жалғасын тапты.

«Аңсар» ақпараттық талдау орталығы мен «Жарық» ақпараттық кеңес беру орталығының бірлесе ұйымдастыруымен инстаграм қолданушылары арасында байқау өтті. Екі айға жалғасқан жарыс кезінде оқырмандарға дін мен дәстүрге байланысты тапсырмалар беріліп, әр аптаның жеңімпазы анықталып отырды. Жуырда байқау өз мәресіне жетіп, 2 ай бойына белсенділік танытқан жандар марапатталды. «Қазақ» кафесінде өткен қорытынды кешке мешіт ұстаздары мен әйел жамағаттары қатысты.

І жүлделі орын тиянақтылығымен әрі креативтілігімен қазылар алқасының оң бағасын алған Анар Қойшығұлова есімді қатысушыға бұйырды. Ол байқау тапсырмалаарын дұрыс орындап қана қоймай, жан-жақтылығымен ерекшелене білді. Ақындық қабілетін де қолдана білген Анар «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде діни сауатын ашқан.

ІІ жүлделі орынды «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің ұстазы Диляром Бектаева иеленді. Диляром Әбдіманапқызы әр берілген тапсырманы тиянақты, тындырымды орындап, мазмұнды да мағыналы ой-пікірін ашық білдіруімен ерекшеленді.

Үздік үштікке іліккен келесі қатысушы Таңбаева Мадина да мешіттен діни сауат ашқан. Жеңімпаздарға микротолқынды пеш, блендер, үтік секілді бағалы сыйлықтар табысталды.

Шара барысында Түркия мемлекетінен келген ұстаз Гүлжамиля Ахметова және «Нұр ғасыр» мешітінің ұстазы Кенжегүл Қошқаровалар исламдағы қыз бала әдебі, оның тәрбиесіне мән беру, ұлтаралық татулық тақырыбында уағыз-насихат айтты. Мағыналы сөздер көкейге ой салып, қыз-келіншектерге пайдалы насихат болды.

p.s. Біз «Бірінші байлық – ақ жаулық» деп, барша әйел затын орамал сөзімен теңеп таныған бабалар ұрпағымыз. Біз үшін орамал – қастерлі, қасиетті. Десе де, қазір оны жат ағымның сипатындай көріп, қазақта хиджаб жоқ деп, өзге ұлттың салтына балайтындар да бар. Бірақ, бұл жерде маңыздысы – аты емес, заты. Құран оқылғанда жалаңбас отырмай, бір тал шашына дейін шығармай жаулық тағып алатын қарагөздеріміздің бұл ісі – үлкендер үйреткен тәрбие өзегі. Алайда, орамал жайлы айтпақ негізгі ойым ол емес. Бүгінде орамалды қыз-келіншектерді замана көшіне ілесе алмай, өркениет пен оқу-білімнен кенжелеп қалғандай көретіндер бар. Ой-танымның тереңдігін танытып, білімді таразыға алған байқаудың үш жүлделі орны да орамалды аруларымызға бұйырды. Демек, бұл орамал ойлау мен ортадан тежемейді деген сөз. Ойлы ұрпағымыз өсе бергей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру