Жылдағы үрдіспен ұлттық сипатта атап өтілетін ұлық мерекемен қайта қауыштық. Ақтөбелік жамағат жергілікті сағат 7-де сапқа жиылды. Мерекелік намазды оқып, ел бірлігі, бүтіндігі үшін дұға-тілек тіледі.
Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өкіл имам Төлеби Оспан жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Айт мерекесінің мән-маңызы турасында уағыз айтып, намаздың оқылу тәртібін түсіндіріп өтті. Айттың ағайынды ұйытушы, араз жандарды жарастырушы, міскінді қуантып, маңайға тек мейірім мен қуаныш төгетін ғажап мереке екендігін тілге тиек етті.
Намаздан соң ұлттық сипатта ұласқан мерекеде жергілікті өнерпаздар домбырамен термелер орындады. Дәстүрлі жырлар айтылды, күй тартылды. Жамағат арасында жүлде үшін спорттық сайыстар өтті. Арқан тартыс, қол күрес, қазақша күрес, қой көтеру және гір тасын көтеруден жарыс болды. Қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, көш жарғандарға бағалы сыйлықтар тарту етілді. Соның ішінде, бағалы түкті кілемдер, спорттық құралдар, құлаққаптар, тағы да басқа жүлделер табысталды.
Облыстың бас мешітінде мерекеге орай 4 киіз үй тігілді. Жасы да, жасамысы да дәмнен ауыз тиді. «Сен де үлес қос!» қайырымдылық акциясының атынан балғындарға тәттілер мен балмұздақтар үлестіріліп, шарлар сыйланды.






















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
15.06.2018
3353
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру