Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әз-Наурызда Алматы мешіттері бірліктің үлгісін көрсетті

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі 10.04.2018 3749 0 пікір
Әз-Наурызда Алматы мешіттері бірліктің үлгісін көрсетті

Алматы орталық мешіті мен Алатау ауданы мешіттері Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтті. Алатау ауданы «Мырзахмет» мешітінде киіз үйлер тігіліп, қазақы нақышта безендіріліп, арнайы дастархан жайылды.

Әз-Наурызға Алматы орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қажы Шоқай және Алатау ауданының Бас имамы Дәуренбеков Орынбасар қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Шара барысында Еркінбек қажы Керімбекұлы Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының сәлемін жеткізіп:

«Жамағатымыз намазда бас қосқанда ойы құлшылықта болғандықтан бір-біріне көңіл бөле алмауы мүмкін. Ал бүгінгі мереке жамағатымызға бір-бірімен етене араласып бауырмалдығын арттыруына жол ашады деген үміттемін», — деді.

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз мерекесінде ақсақалды қариялар мен ақ самайлы әжелер дастархан басында ақ баталарын беріп, келген қонақтарға арнайы дайындалған наурыз көжелер ұсынылды.

«Мырзахмет» мешітіндегі Наурыз тойының бағдарламасында қазақтың қара домбырасымен күйлер ойнатылып, сахна саңылақтары әндерімен шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салып, жиылған халықтың көңілін бір көтерді. Бүлдіршіндерге арналған арнайы ойын құрылғылары қойылып, көңілдері шаттыққа толып, әз-Наурыз қоржынынан тәттілер мен ойыншықтар үлестірілді.

Алматы қаласы мен аудан мешіттері белсене атсалысқан мерекеде Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қажы Керімбекұлы «Мырзахмет» мешіті жанынан бойкөтерген спорттық қос алаңның тұсауын кесті. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық ойындары қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес және бұқа тартысы, сондай-ақ теңбіл доп пен волейбол сынды спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Табиғаттың жаңару мерекесін қуанышпен қарсы алып, бірін-бірі кешіріп, көптен көрмеген ағайынымен көрісіп, бір дастархан басында наурыз көже ішіп, Жаратқанға шүкіршілігін жаудыратын Наурыз мерекесінің тәуелсіз еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Олай болса, ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі — Наурыз мейрамы барша жұртымызға құтты болсын!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру