Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дипломат Бақыт Батыршаұлының кітапханасы Шығыстану институтына табыс етілді

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі 20.03.2018 4297 0 пікір
Дипломат Бақыт Батыршаұлының кітапханасы Шығыстану институтына табыс етілді

Дипломат, шығыстанушы, Мысырдағы мәмлүктер тарихын зертеуші, арабтанушы Бақыт Батыршаұлын біріміз білсек, біріміз бейхабармыз. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Бақыт Батыршаұлы – тәуелсіз еліміздің дипломатия саласының іргесін қалаушы әрі арабтанушысы  Сайлау Батыршаұлының тұңғышы. Өткен 2017 жылы мамыр айында дүниеден озған Бақыт Батыршаұлының жиған рухани қазынасы, кітапханасын әкесі Сайлау Батыршаұлы ел игілігіне, қазақ ғылымының дамуына пайдасы тисін деп, Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының кітапхана қорына тапсырды. Оның да өз себебі бар. Өйткені өміріне ілім-білімді серік еткен Бақыт Батыршаұлы араб елдерінде, соның ішінде Мысыр елінде елшілікте қызмет ете жүріп, ата-баба тарихына зерттеу жасаған. Сол жолда құнды кітаптар жинап, кітаптары да жарық көрген еді. Соның бірі – алғы сөзін Елбасы жазған «Мысырдағы мәмлүк сәулет өнерінің тарихы» атты кітабы.

Қазақ даласынан сонау араб елдеріне барып, білегімен ғана емес, даналығымен, қолбасшылық, жауынгерлік қабілеттерімен дүйім елді, мемлекетті басқарған ата-бабаларымыз жайлы араб тілінде жарық көрген еңбектер баршылық, әлі зерттелмегендері қаншама. Бақыт Батыршаұлы ЕАР-ғы ҚР Елшілігінде қызмет ету барысында екі ел ынтымақтастығы үшін ғана емес, ел тарихына да өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді.

Кітаптарды тапсыру шарасына Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім бастаған бір топ ғалымдар мен ғылым ізденушілер де қатысты. Шығыстану институтының директоры, академик, профессор Әбдсаттар қажы Дербісәлі кітаптарға қарап шексіз алғысын жаудырды:

Бұл – еліміздің ғылым саласына және ізденушілер үшін керемет қазына. Себебі бұл кітаптар елімізде жоқ, жеке кітапханаларда. Көз алдымызда өскен Бақыт Батыршаұлының өмірі, елге қызметі әрдайым жадымызда. Алла ол кісіні рахымына бөлесін. Елге осындай ұл тәрбиелеген Сайлау Батыршаұлына, отбасыңызға Алланың мейірімі болсын,-деп келген кітаптар институттың кітап қорында ерекше орын алатындығын атап өтті.

Профессор Шамшәдин Керім мырза да дүниеден ерте озған азаматтың артынан тағы да көңілін білдіре отырып, оның еңбекқорлығын, шет елге барғанда көрсеткен көмектерін еске алып, осындай перзент өсірген ел ағасына алғыс білдірді. Сондай-ақ, Нұр-Мүбарак университетінен келген ғалымдар тобы да Бақыт Батыршаұлының Мысыр елінде көзкөрген естеліктерін айтып, жақсылықтарын еске алды.  

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру