Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАМАҒАТ КӨРІСТІ, ЖАН АМАНДЫҚ БІЛІСТІ

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі 14.03.2018 3272 0 пікір
ЖАМАҒАТ КӨРІСТІ, ЖАН АМАНДЫҚ БІЛІСТІ

Бүгін, 14 наурыз – еліміздің батыс өңірлерінде қалыптасқан игі ғұрып - Көрісу күні атап өтілді.

Сәлем мен сыйластықты жайған бұл мереке «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде де мерекеленді. Қазақтың бедерлі шапаны мен оюлы тақиясы, камзол-кәжекейі мен кимешек-жаулығы секілді ұлттық киім үлгісінде киінген үлкен-кіші салтанатқа ерекше сән бере түсті. Қария мен қартымыз, аға мен іні, апа мен әжелеріміз амандық сұрасып, қол беріп, көрісті. Бір-бірімен төс қағыстырып, жақсы тілектерін арнады.

Мешіттің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев аталмыш күннің маңызы туралы айтып, оның үлкенге бірінші келіп сәлем беру, есен-саулығын білу секілді қазақы таныммен де, мұсылманшылық тәлім-тәрбиемен де астасып жатқандығын атап өтті. Себебі мұсылмандар арасында Алланың есендігі мен бейбітшілігін жаюды өсиет еткен Алла Елшісінің өнегесі де осы атаулы күннің амалымен орайлас. Жамағаттағы жасы үлкен ақсақалдар да бата-тілектерін айтып, ескі ғұрыптың ұмытылмай, ұлттық мереке есебінде еленуі – қазақтың қонақжайлығы мен бірлігі жарасқан ынтымағын паш ететіндігін, ауызбіршілігін нығайта түсетіндігін тілге тиек етті. Барлығы бауырсақпен шұбат ішіп, ұлттық дәмнен ауыз тиді.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру