Жуырда ҚМДБ-ның әйел-қыздар секторының облыстағы жауапты өкілі мен «Руханият» мұражайының бірлесе ұйымдастыруымен «Қазіргі заманауи қоғамдағы отбасы рөлі» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Шараға әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығындағы Әжелер мектебінің әжелері мен студенттер шақырылды. Отбасы институтының тәжірибесі мол тәлімгерлері саналатын әжелеріміз ақыл-кеңестерімен бөлісіп, жанұядағы жылу мен берекенің басы – әйел екендігін жеткізді. Өмірде көргендерін, әулетке сыйлы келін бола білудің сырын айтып, кішіге – үзет, үлкенге – құрмет көрсету керектігін үйретті.
Дәл осы мазмұнда «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің әйел шәкірттері ашық сабақ өткізді. Олар отбасыдағы ананың рөлі жайында ой-пікірлерін ортаға салып, қазақ тарихында есімдері ерекше таңбаланған, көрегенді де дана әйел образдарын атап өтті. Қыз балалар өздері әзірлеп келген материалдары бойынша бірі Ұлжанның, бірі Айғаным мен Зеренің, Домалақ ананың өмірлерінен сыр шертті. Шәкірттер ислам үмметінің ардақты аналары Фатима мен Айшаның да ғибратқа толы ғұмырларынан әдемі мысалдар келтірді. Сабаққа қатысушылар отбасы тақырыбында мазмұнды бейнероликтер тамашалады. Мешіт ұстазы Диляром Бектаева некенің маңыздылығы, отбасында ер мен әйелдің өзара түсінісуі туралы айтып, қазақ жырауларының шығармашылығы мен аят-хадистерде отбасы тақырыбына үлкен мән берілетіндігін атап кетті. Сабақ соңында шәкірттерге журналдар мен кітаптар сыйға берілді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
14.03.2018
3376
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру