ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында «Адамзаттың асыл тәжі» атты рухани кеш болып өтті. Бұл жолғы Мәуліт ғибраттық бағдарлама, рухани-танымдық көрме, және қайырымдылық жәрмеңкесі деген үш бағытта өзгеше өрнекте өтті. Рухани жаңғыру аясында театрдың фойесіне ескі Құран кітаптар мен ҚМДБ-дан биыл жарық көрген жаңа кітаптар және ұлтымыздың көне жәдігерлер көрмесі қойылды. Бұл көрмелерді қызықтап тамашалаушылар аса көп болды.
Сондай-ақ, «Қайырымдылық–қадірлі іс» атты қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары сатылды. Жәрмеңкеден түскен қаражат облыстық «Үміт» мүгедек балалар үйіне табыс етілді.
500 орынды облыстық драма театры лық толған көрерменге алдымен әз пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар Өскемен аймағы өкілдігінің 2017 жылғы жылдық есебі жалпы халыққа ұсынылды.
Алланың Елшісі, әз пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрметіне арналған рухани кеш Құран оқумен басталды. Бұдан соң «Халифа Алтай» мешітінің шәкірттері ұстаздарымен әз пайғамбар Мұхаммедке (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, Мәуліт жырын оқыды.
Кеш барысында дәстүрлі әндер шырқалып, діни әуендер асқақтап, тәлімдік термелер айтылды. Облыстық «Жастар театрының» өмірден алынған қойылымдарына көрермендер аса тебіреніп, көздеріне жас алды.
Ғибратқа толы рухани кешті ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы қорытындылап, сөз сөйледі. Ол: «Адамзаттың ұлы тұлғасы ардақты пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген айын рухани мейрам ретінде атап өту бұрыннан келе жатқан дәстүр. Алла елшісінің ғибратты ғұмыры барлық адамзатқа өнеге. Оның тағылымы сарқылмас кәусар іспетті, сондықтан да Ардақты пайғамбарымыз барлық құрмет лайық. Біз осынау рухани кешті өңір жұртшылығы сіздерге ұйымдастырып отырмыз» деп атап өтті. Өкіл имам сонымен бірге Мәуліт кешіне атсалысқан өнерпаздар ұжымына шынайы алғыс білдірді.
Кеш аяқталған соң көрермендер рухани кештің әсерімен бөлісіп, Мәуліт мерекесінің жақсы деңгейде ұйымдастырылғандығын айтып, өкілдікке ризашылықтарын білдіріп жатты.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі
25.12.2017
3395
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру