Кеше «Капитал Плаза» бизнес орталығының конференц залында облыстағы дін қызметкерлеріне арналған семинар өтті. Онда «Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы мен ҚР-ның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңы» түсіндіріліп, қос құжатқа енгізілген өзгерістер мен толықтырулар таныстырылды.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов заңнамаларға жаңа өзгерістер енгізудегі басты мақсат – діни тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, зайырлылық қағидаттарын ескеру екендігін жеткізе отырып, оның бірқатарын атап өтті. Соның ішінде, рухани білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде діни ілімнің үйретілуі, діни мазмұндағы материалдарды заңсыз тарату, кәмелет жасына толмаған балаларға екпе егу туралы жаңа тармақтарға басымдық берілді.
Киім мәселесінде орамал мен ұзын етекке емес, әйел кісінің бет-жүзін анықтауға қиындық туғызатын киім түрлеріне тыйым салынатындығы, заңдағы жаңа өзгерістердің исламға, оның қағидаттарын шектеуге қарсы бағытталмағандығы, керісінше сырттан келген теріс түсініктерге тосқауыл қою керек екендігі айтылды. Өз кезегінде облыстың өкіл имамы Төлеби Оспан осы мәселелерді халық арасында кеңінен түсіндіріп, жамағат сауалдарына жауап беру - заңның ислам қағидаттарын ұстанудан шектемейтіндігін жеткізудегі дін қызметкерінің рөлі маңызды екендігін ескерте отырып, имамдардың жан-жақты сауатты, зияткер бола білуі керектігін баса айтты. Және бұл діни қызмет сапасын жетілдірудегі басты тетік екендігін түсіндірді. Қатысушылар сауалдарын жолдап, пікірлерін білдірді.














ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
07.11.2017
5068
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру