6қараша ҚР Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде «Қазақстан Үкіметі мен азық-түлік қауіпсіздік жөніндегі Ислам ұйымының арасындағы штаб пәтер туралы» келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Отырыстан кейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі журналистерге заң жобасының маңыздылығын түсіндірді.
«Аталған жоба Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатыр. 2011 жылы елімізде өткен Ислам ынтымақтастық ұйымы елдері Сыртқы істер министрлер кеңесінің 38 сессиясында Мемлекет басшысы аталған ұйымның ішінде өзара Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі арнайы қор құруды ұсынды. Ислам әлемінде жағдайы әртүрлі мемлекеттер бар. Мысалы, біреуі бай, екіншісі кедей. Тіпті, кейбір елдер ашаршылық пен жоқтық көріп отыр. Осыған байланысты Қазақстан арнайы ұсыныс жасады. Себебі, еліміз бидай мен ұнды сыртқа экспорттайды. 2011 жылы Елбасы өз бастамасын ұсынды. 2014 жылы аталған ұйымның жарғысын ратификацияладық. Ал қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен азық-түлік қауіпсіздік жөніндегі Ислам ұйымының арасындағы штаб пәтер туралы келісімді ратификациялаудан өткізгелі жатырмыз. Бұл штаб пәтер Астанада орналасады», - деді Рүстем Құрманов.
Оның айтуынша, Астанада ашылатын ИЫҰ азық-түлік қоры штаб-пәтері елімізде аграрлық секторды дамытуға септігін тигізеді.
«Біріншіден, аталған штаб-пәтерді қазақстандық азамат басқарады. Оның өкілеттілігі 4 жылға есептелген. Біз үшін аталған ұйымда жұмыс істеу пайдалы. Себебі, біз кепілдендірілген азық-түлік өнімдерін сата аламыз. Яғни отандық бидай өндірушілер өз өнімдерін тиімді бағаға сата алады. Екіншіден, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырамыз. Оның ішінде біз Ислам даму банкінің қаржысын жер суару жобаларына бөлеміз. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде аталған жоба басталды. Ислам даму банкі азаматтарға қаржыны ұзақ мерзімге әрі қолжетімді баға береді. Үшінші, техникалық көмекке байланысты. Яғни біз Ислам банкінен техникалық көмек алуға мүмкіндігіміз бар. Елімізде сор топырақты және шөлді аймақтардағы жерлер бар. Мысалы біз Маңғыстау немесе Қызылорда облыстарындағы жерлерді пайдалану бойынша сарапшыларды шақырып, олардың көмегіне жүгіне аламыз», - деді ол.
Сонымен қатар Рүстем Құрманов Қазақстан алдағы 3 жылда аталған ұйымды қаржыландыратынын атап өтті.
«Аталған ұйымды қаржыландыру үшін жылына 749 мың доллар жұмсаймыз. Бұл қаржы 3 жылға есептелген. Аталған ұйымда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі өзара көмек қоры болады. Ондағы қаржы 50-100 млн доллар көлемінде. Сондай-ақ қорда алдымен Қазақстанның азық-түлік өнімдері сатылады. Шығын бар. Бірақ пайда жұмсалған шығыннан әлдеқайда көп», - деп аяқтады ойын вице-министрі.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Дәурен ЕРБОЛАТ
baq.kz
07.11.2017
3910
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру