Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖАНАЗА АСЫНДАҒЫ ЫСЫРАП ТОҚТАТЫЛАДЫ

04.11.2017 4507 0 пікір
ЖАНАЗА АСЫНДАҒЫ ЫСЫРАП ТОҚТАТЫЛАДЫ

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі жергілікті «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі және "Науан хазірет" мешітімен бірлесе отырып, жаназа кезіндегі аста-төк ас берудегі ысырапшылдыққа тоқтау салу жайын кеңінен талқылады.

Қаланың ардагерлер ұйымының басшысы Шияп Әлиев ақсақалдарды жинап, осы көкейтесті мәселеге нүкте қою аса қажет екеніне елдің назарын аударды. Мұның себебі ас беру кезіндегі жөн-жосықсыз ысырап жасау шариғат қағидасына да, бүгінгі күннің талабына да еш сыйыспайды.

Шияп Әлиев өлім үлкенге де, кішіге де, байға да, кедейге де бірдей екенін айта келе, жаназаға адамдар ас ішу үшін емес, сауап алу мақсатында баратынын еске салды. Олай болса, Көкше жеріндегі бір жаназаға бірнеше мал сою үрдісін тоқтату аса маңызды дер едік.

Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит осы жиынға барша қала имамдарын ерте келді. Ол өз сөзінде ақсақалдар бастамасына қолдау білдіретінін жеткізді. Тіпті, бір Көкшетауда жерлеу рәсімін өткізуде ала-құлалық бар. Сондықтан ол биыл Мүфтиятта шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабына орай жасалған жиырмадан аса ұсынысын ортаға салды. Жиналған қауым имамның ұсыныстарына қолдау білдірді.

Бұл басқосуда елге беделді ақсақалдар Сансызбай Мұқитанов, Мұрат қажы Ыдырыс, Жақсылық Ақтанов, Алтай Нұрғасымов, Мұса Елеусізов, Болат Жанәділов және тағы басқалары өз ойларын қосып, пікірлер білдірді. Ақмола облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Болат Қасенов жаназа рәсімдерін өткізу үшін имам-молдаларға арнайы миссионерлік құжат берілетінін атап өтті. Бұдан басқа мәселелер де көтерілді.

Жиналыс шешімі бойынша алдағы уақытта ардагерлерден құрылған комиссия қаладағы барлық қоғамдық тамақтану орталықтарын жаназа асы кезінде ысырапқа жол бермеуіне ұсыныс жасайтын болды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру