Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе облысында өткен жылдан бері 500-ден астам адам дәстүрлі исламға бет бұрды

baq.kz 01.11.2017 4418 0 пікір
Ақтөбе облысында өткен жылдан бері 500-ден астам адам дәстүрлі исламға бет бұрды

Ақтөбе облысында өткен жылдан бері діни ағымдардың жетегінде кеткен 535 адам дәстүрлі исламға оралған. Бұл туралы Астанада «Халықтың діни сауатын арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімділігі» деген тақырыпта өткен екікүндік оқыту семинары барысында Ақтөбе облысы дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Білікті дінтанушы мамандардың пікірін, ұсыныстарын тыңдадық. Теріс ағымның жетегіне кіріп кеткен азаматтармен сөйлесудің әдіс-тәсілдерін, дәйектерін меңгердік. Бұл алған білімді өз өңірімізде қолданып, атқарар жұмыстардан оң нәжиже шығару – басты мақсатымыз. Айта кетерлігі, Ақтөбе облысында 205 мүшеден тұратын ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Сонымен қатар, діни бағытта оңалту жұмыстарымен айналысатын 22 адамнан құралған «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы да іске қосылған. Бұған қоса, облыс әкімі Б.Машбекұлының тапсырмасымен діни ахуалды одан әрі тұрақтандыру үшін облыстың бес ауданында коммуналдық мекемелер ашылды»,- деді дін істері басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, 2016 жылы Ақтөбе облысы бойынша 346 адам исламның дәстүрлі бағытына ауысқан. Ал биыл 9 ай ішінде бұл көрсеткіш 535 адамға толықты.

Жолдас Нұрланұлы өңірде бұрынғыдай жаппай жат ағымның етегіне кіріп кететіндер жоқ екенін, осының барлығы өңір басшысының аталған бағыттағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыруының нәтижесі екенін тілге тиек етті.

Екікүндік семинар барысында ақпараттық-түсіндіру тобы қызметінің түйіткілді мәселелері бойынша пікір алмасулар өтті. Өзекті мәселелер анықталды.

Іс-шара соңында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі атынан өңірлік дін істері басқармасының белсенді мүшелеріне алғыс хаттар және қазіргі заманғы гаджеттер табыс етілді.

Айта кетейік, семинарға 100-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде ҚР Президенті әкімшілігінің өкілдері, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті басшылығы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы орталығының өкілдері, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, өңірлік дін істері басқармалары және Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшылары, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, барлық өңірден ғалымдар, теологтар, дінтанушылар қатысты.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру