Жуырда облыстық «Руханият» мұражайында тігін ісінен тегін шеберлік сағат өтті. Мұражай жанынан ашылған «Шебер Арт» клубының мүшесі Ақмарал Шакеева құрақ көрпе тігудің қыр-сырын үйретті.
Шараға студент жастар, апа-әжелер, әсіресе, «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің шәкірттері ерекше ықылас танытып қатысты. Барлығы өзімен бірге әкелген мата қиындыларын кәдеге асырды. Ісмер Ақмаралдың үйретуімен үшбұрыш, төртбұрыш, әр түрлі фигуралардан құрақ құрап, өлшемнен жаңылыспай, дәл тігіп-пішуге машықтанды. Шеберлік сағат соңында қатысушылардың бірі құман астына қойылатын бұйымды, енді бірі қазақы ою-өрнек бедерленген жастықты, т.б. қолөнер бұйымдарын өз қолымен тігуді үйренді.
Дәл осындай шеберлік сағаттары қала мешіттерінде де өз жұмысын бастады. Діни сауат ашу курсының ұстаздары сабақ берумен қатар, шәкірттердің аспаздық қабілеттерін де қалыптастыруда. Игі бастаманың әсіресе, жас қыздарымызға зор пайдасы тиюде.
Өткен аптада қаладағы әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығында қыз-келіншектерге самса әзірлеудің жеңіл әдісі үйретілді. Шараға орталықта ашылған бес тәлім мектебінің жетекшілері мен мүшелері де бір кісідей атсалысты.
Алғашқы шеберлік сағатты ұстаз Айнұр Мырзабаева жүргізді. Ол жұмсақ иленген қамырды қабаттап илеп, жұқалап жаюдың жай-жапсарына дейін айтып, ас пісірудегі өзге де құпияларымен бөлісті.
Ал "Досжан Хазірет" мешітіндегі бұл үрдіс ендігі үш апта бойы жалғасуда. Мешіт ұстазы Жылысбаева Ақжарқынның жетекшілігімен шәкірттер бір-біріне әр түрлі ас мәзірлерін үйретуде. Соның ішінде, шелпек, бәліш пен самса, торт секілді тәтті дәмдер әзірленді. Соңыра дәммен шай ішіп, ұстаздар тұшымды насихаттарын, әжелеріміз де ақыл-кеңестерін айтып отырады.












ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
12.10.2017
4305
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру