Өткен аптада Ақтөбеге арнайы жұмыс сапарымен келген «Уақып» қорының президенті Қайрат Айтбай Ақтөбе өкілдігіне бас сұқты.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов және облыстың өкіл имамы Төлеби Оспанмен жүздесіп, өңірде діни ахуалды тұрақтандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Сұхбат барысында жергілікті діни қызметкерлердің әлеуметтік әлеуетін арттыру, қаржыландыру, діни кадр дайындау, мешіт имамдардың біліктілігін арттырып, білімін жетілдіру сынды бірқатар мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, қор өкілі "Ақтөбе медресе-колледжінде" болып, діни білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Жылдан-жылға оқуға ниет білдіруші талапкерлердің қатары толысып келе жатқан медресенің діни кадр дайындау, жергілікті өңірді тұрақты мамандармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарына оң баға берді. Сондай-ақ, мейман облыстық дін істері басқармасы жанынан құрылған «Аңсар» ақпараттық талдау орталығында да болып қайтты.
Сапарының соңында қор басшысы Қайрат Айтбай қалалық орталық мешітке Huyndai маркалы автокөлікті сыйға тартты.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы тапсырмасының аясында құрылған «Уақып» қорының жұмысы қайырымдылық қоры ретінде әлеуметтік жобалар мен діни бірлестіктерді қаржыландыруға, соның ішінде діни мамандардың әлеуетін жақсарту, діни кадр дайындау, оларды қайта даярлауға бағытталған болатын.















ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
11.09.2017
3992
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру