Қазір әлем рухани жаңғыру үстінде. Себебі, уақыт талабы адамзат көшін соған тірегендей. Қыркүйек айының алғашқы күндері Ресейдегі Татарстан астанасы Қазан қаласына Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан елдерінен 200-ден аса делегаттар қатысты. „Рухани Жібек жолы: Жасампаздық. Интеграция„ деп аталатын II халықаралық ғылыми-діни конференция төрт бағытта жұмыс жасады: діни, ғылыми, тарихи және мемлекеттік-конфессиялық салалар.
Осы бағыттағы конференция өткен жылы Қытай халық республикасында өткен. „Ислам — қырып-жоюдың емес, жасампаздық діні. Бұл жөнінде қасиетті Құранда Алла Тағала адамзатқа жақсылықта жарысып, жамандықта, қиянатта бір-бірлеріңе көмектеспеңдер деп ескертеді. Осындай конференциялар арқылы біз ислам дінінің мәнін түсіндіріп, түрлі қауіп, қиянаттарға қарсы механизм жолдарын жасағымыз келеді„,-деді РФ Мұсылмандары діни басқармасы мен Ресей мүфтилер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Рушан Аббаясов мырза.
Рухани үндестік пен ислам құндылықтарын ұлықтайтын бұл жиынға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен, ҚМДБ тарапынан „Дін істері„ бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев пен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің қызметкері, магистрант Едіге Орынбаев мырзалар қатысты. „Халықаралық жиын барысында діни оқу орындарының жағдайы да сараланды, салыстыра келгенде Нұр-Мүбарак университетінің ТМД көлемінде әріптес ЖОО арасында оқ бойы озық екенін аңғару қиын емес„,-дейді исламтанушы Едіге Орынбаев.
Жібек жолы руханиятын жаңғыртқан бас қосудың тағы ерекше жаңалығы Абу Бакр Каландара Румидің парсы тіліндегі „Каландарнама„ поэмасы аудармасының тұсаукесері. „Каландарнама„ - санаулы жыл бұрын ғана Марджани атындағы ТР ҒА тарих институты зерттеушілер тарапынан табылған ортағасырлық қолжазба. Бұл әзірге XIV ғасырда Алтын Орда тұсында парсы тілінде жарық көрген жалғыз толыққанды діни шығарма. Ең алғашқы бөлімі тауһидке, екіншісі — пайғамбарымыз Мұхамедке (с.а.у.), ары қарай ардақты халифалар мен Хасан, Хусейін, төрт имам т.б. яғни орта ғасырдағы Орта Азия, Жібек жолы бойындағы діни ахуалды айғақтайтын тарихи құнды шығарма деп бағалады зерттеушілер.
Жібек жолының руханиятын жаңғыртатын ғылыми көш жайлы Татарстан мен РФ ақпарат құралдары жарыса жазды және бұл халықаралық басқосу алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.


ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
11.09.2017
3013
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру