Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өкіл имам өңірдің жастарымен жүздесті

«Иманғали» орталық мешітінің баспасөз қызметі. 21.08.2017 3052 0 пікір
Өкіл имам өңірдің жастарымен жүздесті

«Иманғали» орталық мешіті жастармен жұмыстың жаңа тәсілдерін тәжірибеге енгізіп жатыр. Енді жастар мешіт жанынан ұйымдастырылатын спорттық ойындарға, кітап оқу жарыстарына белсене қатысатын болады. Сонымен бірге, жастардың діни сауатын арттыруға орталық мешіт уағыз, насихаттық жұмыстар жүргізу арқылы тікелей жағдай жасамақ.

Сенбі күні Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров жастармен кездесті. Түрлі тақырыпта уағыз айтып, көптеген сауалдарға жауап берді. Бас имаммен кездесу үшін орталық мешітке жиналған жастардың саны елуге жуықтады. Кездесу барысында бас имам Батыржан қажы Берденұлы елде ынтымақ, бірлікті сақтаудың маңызына тоқталды. «Ислам сөзінің өзі «бейбітшілік» деген мағынаны береді. Демек, ислам «қауіпсіздік», «алаңсыздық», «сәлемет», «амандық», «төзімділік» деген мағыналарға да саяды.  Исламның әлемдік дінге айналуының сыры да осында. Яғни, ислам адамзатқа  Алланың бар және бір екендігін, Аллаға ғана құлшылық жасау керектігін  дәріптейді. Сонымен бірге, адамдар, қоғам, мемлекет арасында тәртіп орнатып, бауырмалдықты жаңғыртады. Алланың алдында көркем мінезді тұлғалардың өзгелерден үстем болатындығын насихаттайды» деген бас имам Батыржан Мансұров исламның ауызбірлікті, ынтымақты сүйгіш дін екендігіне тоқталды.

Айта кетелік, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы жанынан құрылған жастар қанаты бірнеше жылдан бері нәтижелі жұмыс істеп келеді. Осынау оң тәжірибе Атырау облысында да сәтті жүзеге асып жатыр. Жастардың діни сауатын арттыру ­- жат идеологиямен күрестегі нәтижелі қадамдардың бірі болып қала береді.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру