Павлодар өңірініде Ораза айт намазы таңғы сағат 6.30 да басталды. Қала орталығындағы алты мешітке қарай мұсылмандар толассыз ағылып жатты. Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» зәулім мешітінде Айт намазы басталардан жарты сағат бұрын өкіл имам Нариман Ермекұлы уағызды бастап та кетті. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңілі тазарған мұсылман Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні екі рәкат намаз оқыды.
Келесі кезекте «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кең ауласында қалалық «Ақмешіт», «Ғазиз», «Әбу Бәкір Сыддық», «Бижан», «Ар-Рахман» мешіттері бірлесіп ұйымдастырған «Ораза Айт-берекелі мереке» атты мәдени-рухани-спорттық шаралар сағат 14.00- 18.00-ге дейін жалғасты. Бұрын-соңды болмаған бұл аста-төк ерекше мерекелік шараға шамамен 10 мыңға жуық қала тұрғындары келіп тамашалап, белсене қатысты. Балаларға арналып үш жерге үлкен батуттар орналасса, жеңілдетілген бағамен түрлі тәтті-дәмділер сатылатын киоскілер де өз орындарын тапты. Мешіт ауласына тұрақты орналасқан 6 қанат ақ орда да келушілерді ыстық ықыласпен қарсы алып даяшылық жасады.
Өкіл имам барша жұртты Айт мерекесімен құттықтап: «Ардақты ағайын. Мінекей, мейірімі шексіз Алланың қалауымен қасиетті Рамазан айын өткердік, ұлық мереке – Ораза айтына да жеттік. Сіздерді шын жүректен осы бір ерекше күнмен құттықтаймын. Бұл иісі мұсылман жұрты үшін құрметті болған, қадірлі һәм қасиетті мейрам. Бүгінгі шара – сіздердің, халықтың осы мерекені шынайы сезініп, ықыласпен тойлатып, дүбірлетіп, мәз-мейрам, шат-шадыман күйде өткізсін деген ниетпен жасалып отыр. Мерекелеріңіз мүбәрак болғай,- деді.
Жастар арасына дәстүрлі қазақ күресі, арқан тарту, қол күрестіру, гир көтеру қатарлы спорттық ойын-шаралары ұйымдастырылса, жасөспірімдер мен балдырғандар арасына мешіт ұстаздары Құран жарысы, көңілді старт, викторина, өлең-тақпақтар мәнерлеп оқу, тоғызқұмалақ қатарлы әртүрлі ұлттық ойындармен қатар иләһи ән-күй бәсекелерін қыздырды. Сонымен қатар алтыбақанда ойнаған қыз жігіттер Айт көркіне көрік қосты.
Керекулік тұрғындар мен қала қонақтары айтулы мерекеде мешіт алаңында өткен түрлі ойындардың куәсі болып, әртүрлі ойын-сауық, бағдарламалардың көрермені болды. Облысымыздың белгілі әнші-күйші өнерпаздары өз өнерлерін бұқараға паш етіп, ән мен жырдан шашу шашты. Бұл күні ұлттық спорт ойындарына да мән беріліп, жасөспірімдер арасына қазақ күресі, арқан тартыс, тоғыз құмалақ, кір тасын көтеру секілді сайыстар да өткізілді. Кішкентай Керекулік балғындарға мерекелік көңіл күй сыйлаған Алдар көсе де олардың көңілдерін көтере түсті. Аламанда оза шапқан команда мен жеке жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат жасалып, диплом табыс етілсе, әрбір іс-шараға қатысқан барлық бүлдіршіндерге 800 мың теңгенің ойыншықтары мен сыйлық кітаптары тегін үлестірілді.
Бұл күні «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық қызметі де демеушілер арқылы 30 отбасына азық-түлікпен, әртүрлі мұқтаждыққа тап болған 8 адамға ақшалай көмек көрсетіп, шалғайдағы екі ауылға халықтан жиналған киім-кешектерді машинамен жеткіздіріп берді.
Шара соңында «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ауласында онсегіз үлкен қазанға Айт мерекесіне орай арнайы басылған дәмді палау, 5 мың литр минералды су және 5 мың бөлке ақ наннан жиналған қауым мешіт ауласындағы көгалға жайылған кілемдер үстіне отырып түгелдей дәм татып, «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып ерекше қуанышқа бөленді.
Ал үлкендер жағы бір-бірін құттықтап, айтшылауды күн шыға бастап та қойған болатын. Қазақ халқында айт күндері жеті, қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақкөңіл, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.
Осындай ұлық мерекеде мерейіміз тасып, келесі жылға аман- есен жетейік! Ораза Айты құтты болсын!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Павлодар өкілдігі
26.06.2017
4141
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру