Ақтөбе: «Нұр Ғасыр»
Таң сәріден сіркіретіп, жаңбыр жаудырған айттың таңы ақтөбеліктерді Алланың нұрына шомылдырды. Құтты мекен Ұлық мерекені дүркіретіп атап өтті.
Таң шапағы атысымен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне ағылған жамағат, жасы мен жасамысы бар – барлығы Айт намазын оқуға асықты. Баршасын ұлық мереке – Ораза Айтпен құттықтаған қала әкімі Ілияс Испанов аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлының ыстық сәлемін жеткізіп, елге есендік, әр отбасыға амандық тіледі. Өкіл имам Төлеби Оспан Айт күнінің артықшылықтары туралы уағыз айтты. Айт намазының оқылу тәртібін түсіндіріп, жергілікті уақытпен сағат 07.00-де жамағат Айт намазын оқыды. Мешіт ішінде ғана емес, сыртында да сап түзеліп, 7000-ға жуық адам жиналды.
Намаздан кейін мешіт алаңында мереке дүркіретіп атап өтілді. Облыстық әкімдіктің қолдауымен тігілген он киіз үйде айттап келген барша ағайындарға дәм ұсынылды. Жамағатқа айттық сыйлықтар тарту еткен мешіт қызметкерлері көпке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балғындарға балмұздақтар таратылып, әуе шарлары үлестірілді, жеміс-жидек, сусыны салынған дорбалар да қоса берілді. Ал апа-әжелеріміз бен ару қыздарымызға сыйға түрлі түсті орамалдар тиді.
Жамағат арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, ер азаматтардың бір тобы гір тасын көтеруден сынға түсті, енді бірі білек күштерін сынастырып, қол күрестірді. Қазақша күрес десе, делебесі қозатын қазақ жігіттері 70 келіге дейін және 70 келіден жоғары екі салмақ дәрежесінде белдесті. Тартысты өткен бәсекені жамағат жанкүйер болып, тамашалады. Барлық жеңімпаздар мен ІІ және ІІІ орын иеленген жүлдегерлер өкіл имамның атынан Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сыйлықтарға Құран аяттары, Алланың есімі жазылған картиналар, сағаттар, өзге де тұрмыстық бұйымдар берілді.













Әйелдер қауымы
Мешіт алаңындағы мерекелік кештен кейін әйелдер қауымы киіз үйде жайылған дастархан басында бас қосты. Мешіт ұстаздары Кенжегүл Қошқарова мен Диляром Бектаева барша жамағатты ұлық мерекемен құттықтап, рамазан айы бойы ғибадатта да, сауапты істе де жұптары ажырамай, үлкен-кішісі бәрі ұйымшылдық танытқаны үшін ерекше алғыстарын жеткізді. Білім сайысы ұйымдастырылып, сайысқа жаулықты әжелерімізге дейін қатысты. Бұл барлығына әрі сергіту, әрі серпіліс болды. Баршасына айттық сыйлықтарға орамалдар, т.б. үлестірілді.
Мерекеде Құранның бүтіндей бір парасын жаттаған балалар Құран аяттарын оқып, үлкендердің «қари бол!» деген ақ батасын алды. Бағалы сыйлықтар мен ойыншықтар алып, мерекелік лепті сезінді.












Ақтөбе қалалық орталық мешіт
Мерекені тойлауға келгендер мешітке лық толды. Үлкен-кіші бір-бірімен төс қағыстырып, дастарханнан дәм тату үшін киіз үйге жиналды. Ер жамағаттың арасында қазақтың ұлттық ойындары – арқан тартыс, қол күрес, қошқар көтеруден жарыстар ұйымдастырылып, аламанда оза шапқан жеңімпаздарға мешіт ұжымы атынан арнайы сый-сияпаттар әзірленіп, жүлделері табыс етілді.




















Мұғалжар
Ауданның бас мешітінде атап өтілген мұсылмандардың айшықты мекересіне үлкен-кіші тегіс жиналды. Жамағат мешіттің іші-сыртына сап түзеп, айт намазына 1300 адам қатысты.
Аудан әкімі Ербол Жеткергенұлы мен өкіл имам Төлеби Оспанның жүлдесі үшін қазақша күрестен екі салмақ бойынша сайыс өтті. Сонымен қатар, білек күштері мықтылар қол күрестіріп, гір тасын көтеруден, арқан тартудан жарысты. Сайыста І орын иеленгендерге 10 000, ІІ орынға 7000, ІІІ орынға 5000 теңге ақшалай сыйлықтар берілді. Белсене қатысқандар да ынталандырылды.
Жас балаларға сұрақ-жауап сайысы өтіп, жамағатқа әтірлер мен иіссулар, жайнамаз, тасбихтар, т.б. айттық сыйлықтар таратылды. Сайыстарға төрелік еткен төрешілерге алғыс хат табысталып, сыйлықтар берілді.














Хромтау
Айтта арқан тартысып, асық атқан хромтаулықтардың ұлттық ойындарды шебер ойнауы мерекенің көркін қыздары түсті.
Қазақша күрес екі салмақ дәрежесінде өтіп, қатысушылар арасынан өгіз және түйе палуандар анықталды. Асық ату ойынына келгенде балалар былай тұрсын, ересектердің өздері балалық шақтарын еске алып, қолдарына сақа ұстап, асық атуға кірісіп кетті. Арқан тартыс, қол күресі, гір тасын көтеру сынды спорттық ойындар да болды.
Мерекеге жиналғандарға жылдағы дәстүрге сай мешіт тарапынан 700 балмұздақ пен 200 тәтті мақта тегін таратылды. Сондай-ақ, киіз үйлерде қала тұрғындарына дастархан жайылды. Дастарханнан дәм татқан үлкендер жағы жылы лебіздерін білдіріп, кең көлемдегі шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған аудан басшылығы мен мешіт әкімшілігіне баталарын берді.












ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі
26.06.2017
4411
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру