Кеше Ақтөбедегі «Афсона» мейрамханасында БАҚ өкілдеріне Бас мүфтидің ауызашары берілді. Қалалық орталық мешіттің ұйымдастыруымен елу адамға жайылған дастарханда облыстағы газет, журнал, сайт, телевидениенің журналистері мен операторлары, режиссерлары, белсенді блогерлер мен баспасөз хатшылары дәмдес болды.
Шығыс асханасымен жайылған ауызашар дастарханында тәтті палау мен ыстық самса, тауық сорпасы мен дәмі тіл үйірер кәуапқа дейін болды. Қонақтар тәтті пахлавамен түрік шайын ішіп, шөлін қандырды.
Отырыс барысында өкіл имам Төлеби Дәділұлы барша жиылған жамағатты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, тұтқан оразаларының, осы айдағы барлық ізгі амалдарының қабыл болуын тіледі. Сондай-ақ, тілшілер қауымының алда келе жатқан төл мерекелеріне арнап жылы лебізін білдіріп, қаламның ұшқырлығын, еңбектеріне жеміс тіледі. Имамдар барлық нәзік жандыларға ақ раушан гүлдерін сыйға тартып, ер азаматтарға жазба блокноттары табысталды. Сонымен қатар, «Нұр Ғасыр» мешітінің арнайы тапсырысымен жарық көрген «Ораза тағылымы» атты кітапшалар үлестірілді.
Отырысқа сән қосқан қала өнерпаздары Көшербаевтар домбырамен терме айтып, көпке ғибрат ұқтырды. Домбыраның күмбір коңыр даусының өзі қонақтардың құлақ құрышын қандырды. Әр сөзінде өсиеті бар, оразаның қадір-қасиетін насихаттаған жарапазан айтылып, және бір игі дәстүр жаңғыртылды. Әдемі басқосудан меймандар жақсы көңіл-күймен тарқасты.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі
www.muftyat.kz
15.06.2017
3799
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру