Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар: Азық-түлікке жеңілдік, қапы қалмаңыздар! (ФОТО)

«Мәшһүр Жүсіп» мешіті www.muftyat.kz 08.06.2017 3749 0 пікір
Павлодар: Азық-түлікке жеңілдік, қапы қалмаңыздар! (ФОТО)

Алла Тағала құлдарына жақсылық жасау жайында Қасиетті Құранда "Хаж" сүреінің 77-аятында: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер (яғни ақыретте де тозақ азабынан құтылып, шексіз нығметке бөленесіңдер)»1 – десе, ал «Бақара» сүресінің 148-аятында: «Жақсылықта жарысыңдар…» – деп бұйырады. Сондай-ақ «Ниса» сүресінің 127- аятында да: «Қайырдан не істесеңдер де, сөзсіз Алла оны күдіксіз біледі», – деп  қайырымдылық жасағандардың үлкен сауапқа кенелтетінін айтса, "Сәбә" сүресінің 39-аятында: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» – дейді.

Өйткені, рамазан – қайырымды жандар үшін жақсылықтарды жасап қалудың мол мүмкіндіктері туатын маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с)  бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.

Қасиетті Рамазан айы басталар қарсаңында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз ҮНДЕУІНДЕ: «Ардақты ағайын! Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Осынау жақсы амалдар рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса нұр үстіне нұр», – деген еді.

Мүфти хазреттің осы үндеуін іске асыру мақсатында Павлодар облысының бас имамы Исенов Нариман кәсіпкерлер мен сауда орындарымен байланысқа шыққан еді. Қаламыздағы «Манақбай» сауда үйінің (құрылтайшысы Жакупова Сания Кәрімқызы, сауда үйінің басқарма төрағасы Қанат Кәрімұлы, директоры Мейрамгүл Советқызы) ұжымы бұл бастаманы қалалық сауда орындары арасынан ең бірінші болып қолдау көрсетті.

Ұжым мүшелерінің басқосуында облыстың бас имамы Нариман Ермекұлының Рамазан айы мол сауап жинайтын қасиетті ай екендігі туралы уағызынан кейін мамыр айының 9-жұлдызы, яғни жұма күні «Манақбай» сауда орталығына қарасты барлық азық-түлік сататын нүктелерде азық-түлік бағасын 10-12 пайыз жеңілдікпен халыққа сатуға келісті. Осыған орай сауда үйінің басшылары мұндағы азық-түлік нүктелерін бір күн арендалық төлемнен босатуға уәде етті.

Ендеше қасиетті айдың құрметіне орай жасалып жатқан азық-түліктің жеңілдетілген саудасына қала халқының осы мүмкіндікті жіберіп алмай, берекелі саудаға көптеп қатысуға шақырамыз.

Мұсылман баласының бір-біріне көмек көрсетіп, жақсылық жасауының сауабы мол ендігі белгілі. Садақа беруден мал-мүлік азаймайды, қайта Алла сол жақсылық жасаушы пенденің нығметін молайтып, беделін арттырады. Сондай-ақ аталмыш шараның өтуіне қолқабыс болған барша жомарт жандарға шексіз алғыстар айтылды. 

Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті рамазанда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, әрбір игі бастамаларымыз көп болғай! Әумин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру