Батыс Қазақстан облысында балалар мейрамы жалғасуда. ҚМДБ-ның БҚО бойыша әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиленушілеріне арналған қайырымдылық шарасы өтті.


Аталмыш шараның негізгі мақсаты "Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ тәрбиленушілеріне балалар мерекесіне орай қуаныш пен шаттық сыйлау болғандықтан, мешіт қызметкерлері ең алдымен мекеме қызметкерлері мен балаларға мерекелік құттықтаулар айтып, ыстық лебіздерін білдірді. Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Гүлжамила Ермағамбетқызы Ахметованың басшылығымен, студенттер мен жастардан құралған «Бір уыс мейірім» еріктілер тобы мүшелері ә дегеннен шараға қатысушы 50 тәрбиеленушінің әрқайсысымен жеңіл тіл табысып үлгерді. Содан шараны ұйымдастырушылар аниматорлық костюмдер киіп сайқымазақ болып көңілді ойындар өткізіп, әсем әуен аясында балаларды шат-шадыман күйге бөледі.

Балалар қаламызды алақанға салғандай етіп көрсететін, саябақтағы ең биік те үлкен «Шолу шеңберіне» отырып, содан саябақты «Малыш» үш күймелі паровозымен аралап мәре-сәре болды. Саябақтағы барлық аттракциондарды бір күнде тегін қызықтайтынын естіген балалардың қуаныштарында шек болмады. Содан балалар су толы бассейндегі ауа шарымен домалап, батутқа секірді. Әуенді су бұрқақты тамашалап, ерекше көңіл күй мен эмоция сыйлайтын анакондадан сырғанады. Су жағасындағы 5-7 адамдық велосипедтерде серуендеді. Сондай-ақ, осы саябақтағы Джуманджи отбасылық демалыс орнынан балаларға атрракциондарға тегін карта-билеттер үлестіріліп, әр бала 5 ойын аттракционына дейін өз таңдаулары бойынша отырып ойнады.


Аттракциондағы ойынның түр-түрінен уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай қалған балаларға саябақтағы кафеде ыстық тамақ пен сусын берілді. Екінтіге дейін созылған саябақтағы серуеніміз аяқталып, балаларға балмұздақтар таратылды. Соңынан балалардың тәрбиешілері ҚМДБ-ның БҚО бойыша өкілдігіне ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Ал, біз, бір сәтке болса да шаттықтан бал-бұл жанған балақайлардың жүздерін көріп, жанымыз жадырап, бек қуандық. Сөз соңынан ел амандығын, жұрт тыныштығын тілеп, балғын жүректерге мейірім туғызар, шаттық сыйлар мүмкіндікті молынан бергейсің деп Раббымызға дұға еттік. Әумин!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Айсалқын НҰРСАЙЫНҚЫЗЫ
www.muftyat.kz
08.06.2017
4033
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру