Кеше Казталов ауданы, Жалпақтал ауылдық мешітінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, қасиетті Рамазан» атты рухани-патриоттық шара болып өтті.
«Қош келдің, Қасиетті Рамазан» атты рухани-патриоттық шараның ұйымдастырылу бөлімінде «Айтамын жарапазан Алашыма, Қазақтың құт дарысын даласына» деген ізгі ниет-тілектерімен, көптен күткен, сағындырып келген тамаша айымызды дәріптеп, қадір қасиетін толық ашуға бағытталған әуенді бейнебаян қойылып, жамағатты қыздырып әкетті.

Шараның басталуында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Тыныштықұлы ұлық Рамазан айымен жамағатты құттықтады, әрі осы рухани шараны ұйымдастырып отырған Казталов ауданы, ауылдық мешітінің бас имамы Тілепберген Ахметжанұлына, барлық қатысушыларға алғыс-рахметін, ыстық ықыласын білдірді.

Кеш барысында ата-бабамыздан қалған ғұрыптық ән - Жарапазанды Артур Досқалиев орындап берді. Әнші Абзал Қажығалиевтің «Аңсаған Рамазан» әні Рамазанды аңсаған баршамыздың жан сарайымызды бірге сайратты.

Сондай-ақ жас шәкірттер Нұртас Ғабдуллин мен Нұрдәулет Шынболатұлы «Рамазанға арнау», «Иманға кел» өлеңдерімен «Мәңгі тозбас иманды дүниенің қызығына айырбастама, көкіректе көзің болса, ақиқатты мойында...Адамды өсіретін зікір, амалды өшіретін күпір...» деп ойлы толғанысқа салып оқырманын ұйытса, Бауыржан Қыдырғалиев «Осылай жазылған Құранда», «Келесі жұмаңды нәсіп ет, Алла» деген нұрлы да сырлы тамаша әндерімен елітті. Батыр Хайруллин «Қалмаңыз бүгін Жұмадан» деп толғанысқа толы өлең жолдарын тарту етсе, Ербол Бозаев «Өлшеулі өмір» әнімен тебірентті. Бұл кеште Ақылбек Бектасовтың орындауында қазағымның қасиетті домбырасы да Қаршыға Ахмедияровтың күйімен сыр шертті.

Рухани шараны үлкен әсерімен толықтырған «Ораза» және «Дерт пен дауа» сахналық көріністері заманауи адамдардың келбетін, күнделікті күйбең тірлігімізді айнытпай бейнелеп, иманға шақырып, түйінді ой тастап, кешті одан әрі жандандырды. Өте әсерлі де шынайы, жүректерді селт еткізген бұл көріністер көпшіліктің көзіне жас алдырды.
Ораза - теңдессіз құлшылық. Осындай ғибратты айда құлшылықпен ғана шектелмей күллі жамағатқа рухани азық болар тағлымы мол кеш сыйлаған Жалпақтал ауылдық мешітінің имамдары мен жамағаттарына алғысымыз шексіз, Алла разы болғай! Дайындықтары үлкен, өте жоғары деңгейде, бірнеше айлық еңбектің жемісіндей.


Рухани-патриоттық кеш аудан тұрғындарының татулығы мен бірлігін, һәм ұйымшылдығын көрсетті. Иығына ауыр жүк көтеріп келген, орталықтағы қаншама адамға рухани азық сыйлаған бұл ауылдың тұрғындарына Алла разы болсын! Үлгі-өнеге алайық, мұраттарымыз асыл, Рамазандағы барлық ізгі ниет пен дұғаларымыз қабыл болғай!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Нұрлан САМАТҰЛЫ
www.muftyat.kz
06.06.2017
3813
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру