«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің асханасында әйелдер-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Қош келдің, Рамазан!» атты рухани-мәдени кеш өттті. Шараға «Мәшһүр Жүсіп» мешіті қомақты қаржылай қолдау көрсетті.
Мерекелік іс-шараны әйелдер-қыздар секторының аға ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы құттықтау сөзімен бастап, Рамазан айының шығу тарихын, артықшылықтары мен талаптары жөнінде уағыз айтты. «Барша мусылман қауымы асыға күткен айлардың сұлтаны Қасиетті Рамазан айын үлкен қуанышпен ұлттық нақышта қарсы алып отырмыз. Мерекемізді өткізу мақсатымыз, асыл дініміз бен халқымыздың салт-дәстүрлерін насихаттау», - деді ұстаз.


Салтанатты шара үстінде ұстаздар оқу барысында үздік нәтиже көрсетіп, іс-шараларға белсенді қатысып жүрген 16 шәкіртке алғысын айтып, Қасиетті Құран Кәрім кітабын және орамалдар табыс етті.
Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұстаздары Ақерке Тұрғынбайқызы мен Жұлдыз Қажуева барынша атсалысып, шәкірттерді дайындап, рухани мерекенің жоғары деңгейде өткізілуіне үлес қосты.
Кеш барысында шәкірттер ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) арналған салауаттарды араб және қазақ тілдерінде орындады. Соның ішінде хордың орындауындағы «Иә, Мұхаммед» салауатын көрермендер ерекше қабылдады.



Шәкірттер өздері жазған шығарма өлеңдерін оқыды. Бір топ өнерпаз қыздар «Орамалға жасырынған сұлулық» атты көрініс көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің: «Біздің халқымыздың салтында қазақ қыздары тұмшаланып қара киіп, жігіттер қара сақалмен қысқа балақ кимеген» деген сөздері қойылған әдеби туындыға арқау болды.
Сонымен қатар мереке аясында шәкірттердің өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдары: ою, кесте, қағаздан жасаған туындылардан көрме ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, мешіттің шәкірттері курс ұстаздары осында ұйымдастырған қол өнер сабақтарына да қатысады.
Мереке барысында 100 шәкіртке дастархан жайылып, дәмді палау мен тәтті тағамдар ұсынылды. Жиналған қауым бір-біріне «Амал-ниеттеріңіз қабыл болсын! Рамазан айы мүбәрак болсын!» деген ақ тілектерін жаудырып, ізгі тілектерін жеткізді. Ақ жаулықты әжелер атынан Бақытжамал қажы Елеукенова батасын берді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Мәшһүр Жүсіп» мешіті
www.mazhab.kz
29.05.2017
5148
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру