БИЫЛ ОРАЗА – 29 КҮН
Бүгін «City shopping center» сауда орталығының мәжіліс залында қасиетті Рамазан айы қарсаңында баспасөз мәслихаты өтті. Оған өкіл имам Төлеби Оспан, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы Амантай Садиев және «Досжан хазірет» мешітінің Бас имамы Азат Аймағамбетов қатысты.
Баспасөз мәслихаты барысында хабарланғандай, Рамазан айы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша биыл да 29 күнді құрап отыр. Маусым айының 21-нен 22-не, яғни жексенбіден дүйсенбіге қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал, 25 маусым күні Ораза айт мерекесі басталады.
Айт намазы Ақтөбе қаласында таңғы 07.00-де оқылады.
Ақтөбе қаласы бойынша Рамазанның алғашқы күніндегі таң намазының уақыты сағат 03:09-ге тура келеді. Ауыз бекіткен адам осы уақытқа 10 минут қалғанға дейін, яғни 02:59-ғадейін сәресін ішіп бітуі қажет. Әр күннің оразасы үшін жеке-жеке ниет ету қажет.
Ал, алғашқы күнгі ауызашар уақыты Ақтөбе қаласы бойынша сағат 21:13-те. Ауызды құрма немесе сумен ашуға болады.
Пітір садақа мөлшері ҚМДБ-ның төралқа жиналысында Қазақстан бойынша 300 теңгеболып бекітілді.
РАМАЗАН – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙЫ
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», - деген. Яғни, ораза тұтудағы басты ниет бір Алланың разылығы болуы керек.
Осы ретте, мешіт имамдары оразаның мәні мен маңызын денсаулыққа пайдасын айта келе, оның адамды ізгілікке тәрбиелейтіндігін де тілге тиек етті. Оразаны ас-судан ғана тыйылу деп түсінбеу керектігін, оған тереңінен үңіліп, ауыз бекіткен әр адам он екі мүшесімен ораза тұтып, жаманнан тыйылып, жақсыға ұмтылуы керектігін түсіндірді.
БЕРЕКЕЛІ АЙДА ІЗГІ АМАЛДАР ҮЗІЛМЕЙ ЖАЛҒАСАДЫ
Сонымен қатар, Рамазан айы бойына өкілдік тарапынан мешіттерде атқарылатын іс-шаралардың реті баяндалды. Осыған сәйкес, қала мешіттерінде қазақи дәстүр бойынша киіз үйлер тігіліп, ауызашар дастархандары жайылады. «Отыз күнге – отыз сауап», «Жақсылықта жарысайық!» деген атаумен қайырымдылық шаралары қолға алынып, берекелі айдың әр күнінде мұқтаждың қажетін өтеп, қарнын тойдыру, қаржылай көмек беру сынды бір ізгі амал іске асырылады деп жоспарлануда. Қасиетті айда қайырлы амалдардың қайтарымы, яғни сауабы жеті жүз есеге дейін еселеніп берілетіндігін ескерсек, тақуалықта табандылық етпек керек.
ҚМДБ ҚАЖЫЛЫҚ КОМПАНИЯСЫН ІСКЕ ҚОСТЫ
Отыз күн оразадан кейін араға бірер уақыт салып келетін мұсылманның тағы бір міндетті құлшылығы – Меккеге қажылыққа бару. Жылдан-жылға бұл аталған ұлы құлшылықты орындауға ниеттілер көбейген сайын, сәйкесінше қажыларға қызмет көрсету сапасы да артуда. Осы орайда, ҚМДБ төл «Тауаф» қажылық компаниясын іске қосып, биыл қажылыққа 300 адамды алып баруды жоспарлап отыр.
«ҚМДБ асары» қорытындыланды
Рамазан айы қарсаңындағы ізгі амалдар әзірден іске асуда. Соның бір легі – қаладағы су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек беру мақсатындағы қайырымдылық шаралары. Бұл бағытта облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде арнайы штаб құрылып, оған өзге облыстар да қаржылай және азық-түлікпен көмектерін ұсынды. Атап айтқанда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, және Оңтүстік Қазақстан облыстары атсалысқан игі акция жуырда «ҚМДБ асары» ретінде қорытындыланды. Акция нәтижесінде, 769 жанұяға 8 т азық-түлік, 10 т киім-кешекпен көмек көрсетілді.
Ал шотқа жиналған қаражатқа бір жанұяға қаланың «Нұр Ақтөбе» ауданынан жиһаздармен толық жабдықталған екі бөлмелі пәтер алып берілді. Жағдайлары мүшкіл, су тасқыны басындағы баспанасынан айырған ІІ топтағы мүгедек Сағыныш Серікжанқызының жанұясы аталмыш көмекті алуға бірден-бір лайықты отбасы ретінде танылды. Қарагөз қарындасымызға пәтер кілтін Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлының өзі табыстаған болатын.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
«Нұр Ғасыр» мешіті
www.nurgasyr.kz
28.05.2017
3573
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру