Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Көкшетау: Ұлағаты мол шара қасиетті Рамазанға арналды (ФОТО)

22.05.2017 3613 0 пікір

Қасиетті Рамазан айын көкшеліктер жылдағы дәстүрмен бұқаралық тағылымды рухани шарамен қарсы алды. Көкшетау қаласының іргесіндегі «Құлагер» атшабарында ұлттық спорт ойындарына  арналған бұл шара «Қош келдің, Рамазан!» деп аталды. Діни-рухани шараның ашылуында кіріспе сөз сөйлеген ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі, «Науан хазірет» мешітінің Бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы барша қауымды алдағы қасиетті Рамазан айының құрметіне өткізіліп отырған ұлттық спорт ойындарымен құттықтады. Көрші Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары бойынша ҚМДБ-ның өкіл имамдары Кенжетай Байкемелұлы мен Бақытбек Нұрғабылұлы құттықтай келіп, өздерінің насихат-уағыздарын айтты.

Делебені қоздырған сайыс бозкілемде өрбіді. Қазақ күресінен «Кіші балуан», «Орта балуан» және «Бас балуан»  дәрежелері бойынша белдесулер өтті. Ақмола және көрші облыстардан келген балуандар өзара сайысып, әккі әдіс көрсеткендері жеңіс тұғырынан көрінді. «Бас балуандыққа», яғни, түйе балуан атағы үшін ақтық сынға шыққан бұландылық Руслан Баяндинов пен Леонид Станеев күш сынасты. Бұл жолы соңғысы жеңімпаз атанды. Себебі, ол соңғы жылдары Қазақстан барысында Ақмола облысының намысын қорғап жүрген кәнігі спортшы саналады.

Ал, Ерәлі Кенжебек («Кіші балуан») және Руслан Баяндинов («Орта балуан») дәрежелері бойынша бас жүлдені иеленді.


Ұлттық спорт ойындарының көрігін қыздырған сәт «Асық ату» сайысында көрініс тапты. Бұл спорт түрі бойынша барлығы жетпіс үміткер бақ сынасты. Бір атап өтерлігі, жамағатпен бірге мейман болып келген көрші облыстардың Бас имамдары Кенжетай Байкемелұлы, Бақытбек Нұрғабылұлы және Ақмола облысының Бас имамы Қуаныш Сәбиттерде  асық атып, бірде сүрініп, бірде асықтары алшысынан түсіп жатты. Имамдар мен жамағаттың спорт алаңында жарысқа түскені ерекше есте қалды. Бірақ бағы жанғандардың мерейі үстем болатыны анық. Дегенмен, имамдар да өз еселерін жібермей, кезекті сынға жолдама алып жатты.

Ерлер арасында Лашынтай Тамаев, әйелдер арасында Әлия Бейбіт өз қарсыластарынан озық өнер көрсетіп, бас жүлделерді «қанжығаларына» байлады.


Біз бір сәт қол күресінен күш сынасқандардың өнеріне де қанықтық.  Оң және сол қолмен күресетін бұл сынақта құрлық чемпионы Данил Борисов қарсылас шыдатпады. Сөйтіп, арнайы бас жүлдені иеленді.

Бұдан басқа бұқа тартыс және көкпар ойындары да тартымды өтті.  Ораза айының келу құрметіне арналған осындай ұлттық спорт түрлері көптің қызығушылығын тудырды. Қасиетті айдың алдында  көкшеліктер осылай бір демалып қалды.

Қазақтың тойы ат бәйгесінсіз өткен бе? Ат спорты маусымының ашылуымен орайлас келген бұл шараға көрші облыстардан да атбегілер келіпті. Мысалы, он шақырымдық тоқ бәйгеде «Дат», құнан бәйгеде «Тасай», жорға жарыста «Гамбит Оф» есімді аттармен елордалық шабандоздар бас жүлделерді еншіледі.

Аламан бәйгеге қосылған сәйгүліктер он бес шақырымға жарысты.  Бұл жолы Көкшетау қаласы Краснояр кентінен қосылған «Варпед» есімді сәйгүлік үздік нәтиже көрсетті. Қалған екі орын «Спринт» және «Айра-Мира» есімді сәйгүліктерге бұйырды.


Осылай Көкше жұрты қасиетті Рамазан айын ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізу арқылы қарсы алды. Қазақтың барлық спорт түрлерінен текетірес жарыстар өтті. Ал, бұл әсерлі көріністерді көруге келген халықтың нөпірі де көп болды.

– Осындай тағылымды шараны ұйымдастырған мешіт имамдарына зор ризашылығымды білдіремін. Немереммен келіп едім. Ол да үлкен ұлағат алды деп ойлаймын. Дін мен ұлттық дәстүрдің осылай бір арнада тоғысып, рухани шараға айналғаны қандай жақсы. Алдағы уақытта да осындай шараларды көптеп ұйымдастырса деген тілегіміз бар. Бұл өскелең ұрпақ үшін қажет шаралар. Дініне де құрметпен қарап, ұлттық болмысынан да алшақтамай өссе, бұл да елдігіміздің бір көрінісі емес пе? – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Сәрсен Темірбаев.

Табиғат аясында адамдар бір жақсылап демалды. Оларға арналып сауда-саттық та ұйымдастырылды. Мешіттің бастамасымен дастархан да жайылды. Үлкен де, кіші де ислам күнтізбесіндегі қасиетті айды осылай күн бұрын қарсы алып, дін мен дәстүр астасқан шараға куә болды.

Енді аз ғана уақыттан соң қасиетті Рамазан айы басталады. Біз де діни-рухани шараны тамашалап бір сергіген жамағатқа келе жатқан Рамазан айында ұстағалы отырған оразаларыңызды Алла Тағала қабыл етсін дегіміз келеді.

Бақыт Смағұл.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру