Әуелі бүкіл әлемдердің Жаратушысы Алла Тағалаға шексіз шүкірлер мен мадақ-мақтаулар болғай! Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), оның отбасына, сахабаларына және үмбетіне екі дүниеде Алланың игілігі болғай!
Алматыдағы ҚМДБ жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтына екі айлық біліктілігін арттыру курсына еліміздің әр облысы мен аудандарынан елуден астам имам келіп, Алланың қалауымен әрі қолдауымен, наурыз-мамыр айлары аралығында ілім алды.
Алла Тағала пенделеріне былай деп бұйырады: «Оқыңдар, үйреніңдер! Алланы таныңдар! Аллаға мойынсұныңдар! Күнәдан аулақ болып, жақсы амалдарды көбірек жасаңдар!». Жаратушы Алланың осы бұйрықтарын өтеуге үлкен үлес қосып және алаңсыз оқуға барлық жағдай жасап отырған, аталмыш оқу орнының директоры Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы өзінің бір сөзінде былай деді: «Біздер осы екі айда елу алты имамды ғана оқытып жатқан жоқпыз. Елу алты елді-мекеннің жамағатына ілім берудеміз». Себебі, білім нәрімен сусынданған имамдар, алған құнды мағлұматтарын жұртшылықпен бөлісуге ұмтылатыны сөзсіз. Оның үстіне Алла Елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең абзалдарың Құран оқуды үйренгендерің және басқаларға үйреткендерің» - деп ізілікке барар жолды көрсетіп кетті.
Ілім талап етіп келген имамдар 22-65 жас аралығында болғанымен, білері болса жастан үйрен, көргені болса қарттан үйрен деген үрдісті сақтай отырып, бос уақытымызды тәжірибе алмасып, білімімізді шыңдауға бағыттадық. Аптасына 6 күн, сағат таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін Бұқара, Ташкент, Мысыр елдерінің және «әл-Фараби» атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ғұлама, теолог мамандары мен академик, профессорларынан ұмытылмас дәрістерін алдық, қасиетті жұма күні Алматының үлкен мешіттерінде ғибадат етіп, танымдық экскурсия жасадық.
«Алланы таныған кісі, зынданда болса да (қаншалықты қиындықты бастан өткерсе де), ол – бақытты, ал, Алланы танымаса, патшаның сарайларында ғұмыр кешсе де, мағыналы түрде ол – бақытсыз» - деген бабаларымыздан қалған сөздің төркінін толықтай танып, жүрекпен сезініп, оқып-тоқығанымызды тәжірибе барысында қолдануға құштарлық танытудамыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына және Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтының ұстаздарына шексіз алғысымызды білдіріп, Сіздерге Алланың нұры жаусын және алдағы уақытта істеріңізге мол табыс тілейміз!
Нұржан қажы Иманәлиев,
ҚМДБ жанындағы Ислам институты, наурыз-мамыр 2017 жыл оқу легінің
түлегі, ОҚО, Төле би ауданы Аққұм аулы «Тәубе» мешітінің имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
18.05.2017
5859
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру