Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақмолалық имамдар Рамазанға әзірлікті бастап кетті (ФОТО)

18.05.2017 3686 0 пікір

«Науан хазірет» орталық мешітінде Ақмола облысы аудандары мен қалалары имамдарының басқосуы болып өтті. Бұл жиынның басты тақырыбы – қасиетті Рамазан айына дайындық мәселесін жан-жақты талқылау.

Кіріспе сөз сөйлеген ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкілі, «Науан хазірет» мешітінің Бас имамы Қуаныш Сәбит жақында өткен Мүфтият төралқасында қаралған мәселелер жөнінде хабардар етті. Онда қабылданған жоспарлар жайлы өзінің ойымен бөлісті.

Өңірлерден келген имамдарға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айына арнаған үндеуі оқылды. Одан әрі алдағы ислам күнтізбесіндегі тағылымды айды өткізудің жай-жапсары жөнінде пікір алмасылды.

Облыс имамы Ораза айы бойы барлық мешіттерде тағылымдық шаралар өтуі тиіс екенін  атап көрсетті. Асыл дініміздің имани-тәрбиелік маңызын арттыру үшін Мүфтият тапсырмаларын мұқият орындауға баса назар аудару керек екенін айтты.

Бұл басқосуда діни насихатты жандандыру жайы да жан-жақты талқыға түсті. Әсіресе, әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып,  мешіттер жүзеге асыратын шараларды жариялауға әр имам жауапкершілікпен қарауы қажет. Жат ағыммен күресте орталық мешіт арқылы аудандардағы  діни насихат жайы бірізділік негізде жүргізілуіне де көңіл бөлінсе деген ұсыныстар жасалды. Бұл жөнінде найб имам Қанат Алшымбаев  хабарлама жасады.

«Науан хазірет» мешітінің бас есепшісі Ертай Қапаров қаржылық жағдай жөнінде есеп беріп, мешіттер арасындағы есеп беру тетігін жақсарту жөнінде өз ойымен бөлісті.

Сонымен бірге, қоғамымызды толғандырған мәселенің бірі – жат ағымдармен ымырасыз күрес. Бұл мешіттің ғана емес, мемлекеттің де негізгі міндеті болып саналады. Қазір жергілікті дін істері басқармасы да діни ұйымдармен ортақ мүддеде жұмыс істеуді қалайды. Облыстың аудан және қала имамдарымен болған бұл кездесуде Ақмола облыстық дін істері басқармасының басшысы Болат Қасенов  да қатысып, өзінің ұсыныс пікірлерін ортаға салды: «Жалпы, біздің өңір жат ағымдар жөнінен тыныш аймақтардың біріне жатады. Бірақ бұған тоқмейісуге болмайды. «Жау жоқ деме жар астында» деген бар емес пе? Сондықтан имамдар да бұған баса назар аударуы тиіс».

Мешіттерді тіркеу және миссионерлік қызмет жөнінде құжаттар беру мәселесі де ауызға алынып, бұл рәсімдерді тездетіп аяқтау керек деген ұйғарым жасалды.

Мешіт пен имамға қатысты басқа да мәселелер күн тәртібіне түсті. Бұл ретте мешіт әдебін сақтауда жамағатқа уағыздық насихатты жақсарту,  діни шаралардың орындалуына имам қызметкерлердің  жауапкершілігін арттыру кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде қаралған әр мәселе бойынша арнайы хаттама жасалды.

Бақыт Смағұл.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру